Астана қаласының түбінен ашық аспан астындағы қорық ашылады

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанадан 124 шақырым жерде, Ерейментау ауданыдағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи панкіндегі Құмай өзенінің сол жағалауында орналасқан 4 ғасырдан астам тарихы бар

көне және орта ғасырлық қола, ерте темір (сақ дәуірі), ғұн және түрк кезеңі ескерткіштері қамтылған кешенде «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені» ландшафты мұражайы салынады.

Бұл туралы бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен ашық аспан астындағы ландшафты мұражайы мен ғылыми орталық құру жобасы және  «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені» кітабының тұсаукесерінде тарих ғылымдарының докторы, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының Астана қалалық филиалының директоры Зейнолла Самашев айтты.

«Астана қаласының түбінен осындай қорық ашу - біздің мәдени дамуымыздағы елеулі уақиғалардың бірі болып есептеледі. Бұл «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарып отырған жұмыстардың бір көрнісі деп те айтуға болады. Бұл қорықты ашу бүгін басталғанмен, ондағы барлық жәдігерлерді қалпына келтіріп, инфрақұрылымын салып, үлкен тарихи-мәдени, туристік орталыққа айналдыру болашақтың еншісінде», - дейді З. Самашев.

2009 жылдан бері осы тарихи өлкеде «Назарбаев орталығы» мен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің археологиялық-этнографиялық кешенді экспедициясы тарих ғылымдарының докторы, профессор Айман Досымбаеваның жетекшілігімен жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Ғылыми-зерттеу орталығы мен мұражайдың қызметі мұражай ғимаратын тұрғызып, экспозициясын жасақтаумен ғана шектеліп қалмайды. Қазылып, қалпына келтірілген нысандарды мұражайға айналдыру мен инфрақұрылымын дамыту да жобаның ажырамас бөлігі болып табылады», - деді жобаның тұсаукесерінде сөз алған А. Досымбаева. «Мұражай қызметкерлері келушілерге ежелгі металл заттарды, қыш ыдыстар мен басқа да бұйымдарды өндіру үдерісін көрнекті түрде көрсете алатын болады. Тағы бір айта кетерлігі, мәселен балаларға арналған бұрышта ежелгі дәуірдегі қыш ыдыстардың қалай жасалғаны көрсетіліп қана қоймай, олар өз қолдарымен саз балшықтан құмыра жасап көруге мүмкіндік алады. Ғылыми орталық пен мұражай еліміздің және шетелдердің ЖОО-ларында оқитын студенттерге де теориялық-тәжірибелік зертханаға айнала алады. Мұндай тәжірибе әлемнің алдыңғы қатарлы мұражайларында кеңінен таралған», - деп атап өтті ол.

«Бүгінгі Еуразиядағы барлық түрк халықтарының ортақ қазынасы осынау Ұлы Далада жасалып, киелі Түркістанның  шексіз кеңістігін қорғаған ежелгі түркілердің байтақ мәдени мұрасы Қазақстанның бетке ұстар бренді болуы тиіс», - деп атап өтті жобаның тел-жетекшісі, академик-түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков.

Ашық аспан астындағы мұражайды салуға демеушілік көрсеткен Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің қазақстандағы өкілі (ТІКА) Эврен Рутбиль жобаның авторларын құттықтай келе: «Бұл жобаны жүзеге асыру біздегі ортақ түрк мұраларын кеңінен насихаттап, танытуға және еліміздің мәдени-ағартушылық саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге сөзсіз қызмет етеді», - деді.