Бұл жайлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифола Есім өткен демалыс күндері Алматы облысы Райымбек ауданында Қарасаз ауылы мен Шәлкөде жайлауында өткен Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған тойда мәлім етті.
«Әділ Ахметов екеуміз Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» шығармасының басты кейіпкерлері Ұзақ пен Жәмеңкеге Астана қаласынан көше беру мәселесін көтердік. Көшеге есімдері берілсе, онда ескерткіш те қойылатын болады. Өйткені, олар 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің басты кейіпкерлері», - дейді Ғарифола Есім.
Оның айтуынша, Қазақ халқының отаршыларға қарсы ұлт-азаттық көтерілістерінде 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің орны өте зор. Оны белгілі бір руға, не аймаққа ғана телуге болмайды. Ол халқымыздың азаттық жолындағы күресінің үлкен бір белесі. Оның ұлт тарихындағы маңызы мен орны айрықша. Оны зерттеп, бағалап, өз орнын айқындау бүгінгі жас ұрпақтың алдында тұрған ұлы міндеттердің бірі болуға тиіс.