Астана мен Ташкент Орталық Азияның жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астана мен Ташкент «тегіс транзит» терең өнеркәсіптік кооперациямен күшейтілген өзара ықпалдастықтың жаңа экономикалық қаңқасын құрып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары орталықазиялық тандемді қалай нығайтып отырғаны туралы Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысының материалында.

Фото: Kazinform

Өнімді тандем

Қазақстан мен Өзбекстан — Орталық Азиядағы интеграцияның локомотивтері әрі экономикалық өсудің басты катализаторлары. Аймақтағы өзара сауданың шамамен 80%-ы екі елге тиесілі. Әлемнің әр түкпіріндегі сарапшылар өңірдің рөлі мен субъектілігінің артқанын, оның жаһандық тартылыс орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.

Бірнеше онжылдық бұрын «балканизация» қаупі болжанған бұл аумақты бүгінде АҚШ-та Еуразияның өзегі деп атайды, Қытай мен Батыс елдері «Жаңа Жібек жолы» деп сипаттайды, ал Ресей Орталық Азияны көпполярлы әлемнің маңызды элементі ретінде стратегиялық тұрғыда қолдайды.

Өңір мемлекеттерінің дауысы бір үнмен шығып отыр, яғни оркестр секілді, ал «Орталық Азия плюс» форматындағы әр жаңа келіссөз раунды үйлесімділікті арттыруға қызмет етеді. Бұл ретте Қазақстанның «фронтмен» ретіндегі рөлі айрықша. Ал консультативтік кездесулер «түйткілдерді» жойып, сауда кедергілерін азайтуға, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және заңнаманы үйлестіруге бағытталған. Кезекті жетінші кездесу ертең Ташкентте өтеді.

Халықаралық қарым-қатынастың осы күрделі көпвекторлы құрылымында Қазақстан мен Өзбекстан тандемі жаңа экономикалық платформаны, немесе Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «берік стратегиялық альянсты» қалыптастырып отыр. Ол бүкіл өңірдің созидциялық дамуына бағытталған.

Бұл байланыстың орнықтылығын елдеріміздің басшылары арасындағы достық сипаттағы қарым-қатынас күшейтеді. Бұл туралы тек ресми хаттама ғана емес, өзге де жайттар айғақ. Иә, Президентімізді ұшақ трапында қарсы алып, кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Олий Даражали Дўстлик» («Достықтың жоғары дәрежесі») орденін табыстауы Шавкат Мирзиёевтің айрықша құрметін көрсетті. Алайда саясаткерлерді ең алдымен олардың ісі танытады. Ал бұл тұрғыда біздің елдерде бәрі жақсы жолға қойылған.

Фото: Ақорда

Екі елдің көшбасшылары — экономикалық жаңғыртуға басымдық беретін, күрделі халықаралық жағдайда күш біріктірудің маңызын айқын түсінетін, сыртқы ықпалдың «нысаны» болғысы келмейтін прагматиктер. Сондықтан кооперация артып, экономикалық көпірлер мен тораптарды құру стратегиялық жобалау деңгейіне көтеріліп келеді.

— Екіжақты сауданы дамыту, жаңа өсім нүктелерін іздеу, тауар номенклатурасын кеңейту, өңделген өнім экспортын ынталандыру бағытында шаралар қабылдауымыз қажет. Осы тұрғыда өзара тауар айналымын ұлғайту бағдарламасын сапалы түрде жүзеге асыру аса маңызды. Бүгін құрылып жатқан аймақ басшылары кеңесі, сондай-ақ іскерлік кеңес пен бірлескен сауда компаниясы UzKazTrade секілді басқа да екіжақты тетіктерден нақты нәтижелер күтеміз, — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында.

Экономикалық мозаикадағы жаңа «пазлдар»

Келіссөздердің нәтижесіне қарағанда, екі ел арасындағы экономикалық «байланыс» жаңа экономикалық тоғыстың барған сайын айқын келбетін тауып келеді. Бұл өзара сауданың қарқыны мен жаңа бастамалардан да көрінеді.

— Соңғы бірнеше жылда екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы тұрақты түрде 4 млрд доллардан асып келеді. Бұл үкіметтердің жүйелі жұмысының және бизнес арасындағы тікелей диалогтың нәтижесі. Сонымен қатар өзара сауданы арттырудың айтарлықтай әлеуеті бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге арналған брифингте.

Фото: Ақорда

Аталған әлеуетті ашуға бағытталған ол Мемлекет басшысы атап өткен өзара тауар айналымын ұлғайту бағдарламасы. Мақсат — жыл сайынғы екіжақты сауданы 10 млрд долларға жеткізу. Бұл межеге қол жеткізу қаншалықты шынайы? Ол үшін қандай салаларды дамыту қажет?

— Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы тұрақты өсімді көрсетеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өзара сауда шамамен 3 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18–19% артып отыр. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша 3,4 млрд доллар, өсім де шамалас. Қазақстан экспорты ширектен астам өсіп, 2,2 млрд доллардан асты, сауда балансы тұрақты түрде Қазақстанның пайдасына шешіліп жатыр, — деп атап өтті «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаев.

Оның айтуынша, 10 млрд доллар көлеміндегі стратегиялық мақсат аса өршіл болғанымен, қазіргі динамика сақталса және кооперация кеңейсе, оған қол жеткізу мүмкін.

— Бүгінде жалпы құны 1,7 млрд доллардан асатын 70-тен аса жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Одан бөлек, 4 млрд доллардан асатын 34 инвестициялық жоба және тағы бірнеше миллиардқа тең сауда келісімдері әзірленген. Әсіресе энергетика, тау-кен өндіру, көлік, химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар ерекше маңызға ие, — деді Әлібек Тәжібаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видеобайланыс режимінде іске қосқан жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын жеті бірлескен жобаның ішінде сарапшы флагмандық бастама ретінде «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация халықаралық орталығын ерекше атап өтті.

— Жоба шамамен 100 гектар аумақта екіжақты өнеркәсіптік аймақ құруды көздейді және медициналық бұйымдар, ПВХ (Поливинилхлорид) өнімі, тамшылатып суару жүйесі, мақта өңдеу, тоқыма өндірісі, күріш және азық-түлік өндіруді қамтиды. Бұл өңірлік қосылған құн тізбектерінің жаңа «жинақтау нүктесі», — деп түсіндірді сарапшы Әлібек Тәжібаев.

Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды да күшейтуді жоспарлап отыр, яғни жай алу-сатудан тереңдетілген өңдеуге көшіп жатыр. Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімімен геология және сирек әрі сирек кездесетін металдарды өндіру жөніндегі жұмыс тобы құрылатын болды. Бұл қазіргі әлемнің «жаңа мұнайы», оған Қытайдағы, АҚШ-тағы және Ресейдегі келіссөздер көрсеткендей, инвесторлардың қызығушылығы жоғары.

Фото: Ақорда

Басымдық берілетін бағыттар қатарында — жасанды интеллект, су-энергетикалық және транзиттік-транспорттық салалар бар. Ынтымақтастықты күшейту мақсатында бірлескен инвестициялық платформаны құру туралы негіздемелік келісім қабылданды.

Тегіс транзит және өңірлік мәселелер

Келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мұнай-газ химиясы, тау-кен өнеркәсібі, туризм, су ресурстарын бірлесіп басқару, тіпті бірлескен әскери жаттығуларға дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 17 құжаттан тұратын ауқымды пакетке қол қойылды. Бұл құжаттардың өзі екі ел ынтымақтастығының жоғары деңгейін айқын көрсетеді.

Фото: Ақорда

Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары әлі де бар кедергілер мен реттеушілік алшақтықтарды жою жұмыстары күшейе түспек. Мәселен, екі елдің көлік байланысын нығайту қажет.

— Жүк тасымалдау кезінде жоғары шығындар мен елеулі кідірістер негізгі проблема болып қалып отыр. Бұған теміржол тарифтерінің келісілмеуі, құжат рәсімдерінің күрделілігі және жүк мониторингінің цифрлық жүйелерінің синхрондалмауы себеп, бұл шекарада «тігістер» тудырады, — дейді Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Қуаныш Сайлау.

Бірқатар шара іске асырылды және жоспарланды. 2024 жылғы мамырда Қытай — Қазақстан — Өзбекстан бағытында (Оңтүстік көлік дәлізі) контейнерлік тасымалды автоматты басқаруға арналған «Тегіс транзит» жобасы іске қосылды. Қазір бұл тәжірибе өзге бағыттарға да таралып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Тегіс транзиттің» пилоттық жобасы іске қосылмақ, ол 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.

Автомобиль тасымалы да жеңілдетілді. 2027 жылы жаңа теміржол желісін іске қосу жоспарланып отыр. Ол Сарыағаш — Ташкент бағыты бойынша жүкті жаңа тармаққа бағыттайды, ол «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және Өзбекстанға экспорттық тасымалды арттыруға мүмкіндік береді.

— Екі ел үкіметі шекарадағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр, оның ішінде өткізу пункттерін кеңейту және логистикалық тораптар құру бар. Алайда физикалық кеңейту шешімнің бір бөлігі ғана. Нәтиже өткізу қабілетімен емес, жүк кедендік рәсімдеуінің уақыты мен күрделілігінің нақты қысқаруымен өлшенеді, — деп атап өтті Қуаныш Сайлау.

Елдеріміз бұл бағытта да үндесіп келеді. Мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша екі елдің кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы үкіметаралық келісім жасалды. Бұл және өзге де шаралар көлік және логистика салаларындағы «түйіндерді» шешуге бағытталған.

— Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы теміржол тасымалының көлемі 15%-дан астам өсіп, 22 млн тоннадан асты. Тарифтік саясатты жетілдіру, жүк тасымалдау жағдайын жақсарту, шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртуды жалғастыру және кеден жүйелерін цифрландыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық. Осы қадамдардың бәрі елдеріміздің көлік өзара байланысын нығайта түсетініне сенімдімін, — деді келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті.

Фото: Ақорда

Орталық Азияның көлік желісіне Тұрғынды–Герат трансауған темір жолын салу есебінен Ауғанстан да қосыла алады, бұл Орталық және Оңтүстік Азияға қақпа ашуға мүмкіндік береді.

Сондықтан «біздің елдер не үшін Ауғанстанға соншалықты үлкен қолдау көрсетеді?» деген сұраққа жауап айқын. Орталық Азияға шекара периметрлері бойынша тұрақтылық контуры қажет. Ауғанстан тұрақсыздық көзіне де, өңірлік экономикалық құрылымға кірігуші мемлекетке де айнала алады. Осы тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының ашылуын маңызды дипломатиялық жеңіс деп атауға болады.

— Қазақстан өзін Шығыс пен Батыс, ислам мен христиандық, Азия мен Еуропа тоғысатын еуразиялық ел позициясын ұстанады. Сыртқы саясат осы бірегейлікті шебер пайдаланады. «Көпір» ретіндегі рөл Ауғанстан төңірегіндегі жағдайдан айқын көрінеді. 2021 жылы Кабулда билік ауысқаннан кейін Қазақстан, бір жағынан, гуманитарлық мәселелерді шешу үшін Ауғанстанның жаңа басшылығымен байланыс ұстап отыр, екінші жағынан дағдарыстың алдын алу және көмек көрсету мақсатында АҚШ, ЕО және БҰҰ-мен белсенді жұмыс жүргізіп келеді, — дейді қазақстандық саясаттанушы Рүстем Мұстафин.

Фото: Үкімет

Қазақстан мен Өзбекстанды мыңдаған байланыс, ортақ өңірлік күн тәртібі және мәдени құндылықтар біріктіреді, ал Мемлекет басшыларының ерік-жігері бұл байланыстарды барлық бағыт бойынша күшейтіп отыр.

— Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға басымдық беруді өзімнің міндетім деп санаймын. «Сарапшы» атын жамылған түрлі алып-қашпа әңгімелерге қарамастан, Қазақстан мен Өзбекстан ешқандай да қарсылас немесе бәсекелес емес, керісінше стратегиялық әріптес, сенімді одақтас, прогресс пен даму жолымен бірге алға басып келе жатқан мемлекеттер. Біздің халық бір-біріне айрықша құрметпен қарайтын нағыз бауырлар, жақын достар, — деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер қорытындысы бойынша.

Күш-жігерді біріктіру және экономиканы құрылымдық жаңғыртудың нақты жоспары екі ел арасындағы қарым-қатынаста синергия тудырады. Өнеркәсіптік кооперация мәселелері, шекара маңындағы сауда инфрақұрылымын құру және көлік байланыстығы өзара мүдде тоғысқан осы үштік бағытта Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық әлеуеті жатыр.

Транзиттік-индустриялық қаңқа қалыптастыру тек көлік дәліздерінің логистикалық қызметі ғана емес, сондай-ақ өңірлік қосылған құн тізбектерін құру. Ірі күш орталықтары арасында теңгерім жасай отырып, біздің елдер Шығыстан да, Батыстан да инвестиция мен технологияны тартатын тартылыс нүктесін құрып жатыр. Бұл өз кезегінде тек экономикада ғана емес, саясатта да артықшылықтар беріп, Астана мен Ташкенттің саяси ықпалын арттыра түседі.