НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада әйелдер арасында алғаш рет Astana Open WTA 250 турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 49-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 161-орында тұрған грузиялық Екатерина Горгодземен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кортқа шығады.
Додаға арнайы шақырту алған рейтингте 282-орындағы Анна Данилина әлемнің 65-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен ойнайды. Жуырда Қазақстанның абсолютті чемпионы атанған рейтингте 525-орындағы Жібек Қүламбаева әлемнің 55-інші, жарыстың 2-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен шебер байқасады.
Астана додасы 27 қыркүйек күні басталады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Чикаго (АҚШ) WTA 500 турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ерлер арасында Astana Open турнирінің чемпиондары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).