Вена балы - Сұлулық және музыка мейрамы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының Мәрмәр залында шілде айының бірінші жұлдызында жүзеге асырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Вена балы Елорда тұрғындары мен қонақтарын дүниежүзілік классикалық музыка мәдениетіне, бал билеріне жақындатуға ықпал етеді.
Өткен дәуірдің ерекше атмосферасының билігін меңзейтін Вена балы Астана қаласында барлық қажетті деңгейде өткізіледі.
Айта кетейік, «бал» деген сөз француздардың «ballare», яғни «билеу» деген сөзінен шыққан. Еуропаның дәл жүрегінде тұратын веналықтардың балға деген махаббаты XVIII ғасырда пайда болған. Бал өтетін күндері елге танымал азаматтар мен ақсүйектер бетперде мен карнавалдық киімдерін киіп, ерекше сәнденген. Әсіресе, кедейдің қызына ғашық болған бекзадалар өзінің ынтық жандарына бір сәтке болса да жақындай түсу үшін мұндай балдарды асығып-аптығып күткен деседі.
Бүгінгі таңда Венада жыл сайын 450-ге жуық бал өткізіліп тұрады. Олар дәл жаңа жыл қарсаңында, яғни желтоқсан айының отыз бірінші жұлдызында басталады. Салтанатты кештердің шарықтау шегіне жететін кезі - қаңтар және ақпан айлары. Бұл айларда таңғажайып карнавалдар ұйымдастырылады. Соның есебінен қалаға сырттан келетін қонақтардың санында шек болмайды. Сиқырлы сезім әуеніне бөленген жұптардың салтанатты кешінің ашылуы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша Хофбург сарайында өтеді.
Веналық балдардың атаулары да өте қарапайым. Олар: аңшылар балы, заңгерлер балы, кофе сүйетіндер балы, тәтті бал, опералық бал, карамель балы, гүлдер балы және тағы да басқа деп аталады.
Веналық балдардың ең атақтысы - Мемлекеттік опера театрында өтетін Опералық бал. Бұл күні келушілер Рингштрассе театрының ішкі-сыртқы құпиясына әбден қанады. Өнерпаздардың талантына тәнті болып, театр тарихымен танысып қайту - сәулет пен өнер шаһары- Вена қаласына келетін туристер үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Астана қаласындағы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында өтетін Вена балын 100 дебютант жұбы ашады деп жоспарлануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 17 мен 25 жас аралығындағы жас қыздар мен жігіттер Бал қонақтарының алдында билейтін болады.
Аталған іс-шараға ХІХ ғасырдың ең үздік еуропалық дәстүрлері бойынша, театр және кино жұлдыздары, белгілі саясаткерлер, спортшылар мен барлық қалаушылар қатысатын болады.
Өз кезегінде Вена балы жаңа және қызықты достар табуға, би үйренуге, классикалық мәдениеттен хабардар болуға таптырмайтын мүмкіндік.
Дәстүр бойынша гала-концертті «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі ашатын болады.
Концерттік бағдарламада классикалық және джаз музыкаларын «Астана Опера» опера және балет театрының хор ұжымы орындайды.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2010-2013 жылдары салынды. Театрдың салтанатты ашылуында Елбасы: «Зауыттар мен жолдар салатын ел, берік тірегін болашақ жылдар бойына орнатады. Мектептер мен аурухана салатын ел, ұлт болашағының ондаған жылдар бойғы қамын жейді. Театр тұрғызатын ел, ғасырлар арқылы болашағына көз тігеді», - деген еді.