«Астана Саммитін өткізу - бүкіл Қазақстан халқының салтанаты»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Алдыңғы күні аяқталған Астана Саммиті сарабдал сананың салтанатына, еліміздің кемелденуінің келісті көрінісіне айналып, Елбасының ерен еңбегін дүние дидарына таныта түсті. Осы орайда кеше Ақордада болған ЕҚЫҰ елдері мемлекет басшыларының Саммитінің табысты аяқталуының қорытындыларына бойынша өткен кеңесте Елбасы Н.Назарбаев қазақстандықтарды осынау шараны абыройлы өткізуімен құттықтады. Құттықтау мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрген. «Мен беделді ұйым Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік! Сондықтан, еліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған алқалы Саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Мәртебелі меймандар еліміздің кең пейіл қонақжайлығына шынайы риза болды», - дейді Елбасы.

Төрткүл дүниені екі күн бойы дүр сілкіндірген Астана Саммитінің шымылдығы жабылған күннің ертеңінде кеше, 3 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың шақыруы бойынша келген Австрия Республикасының Федералдық президенті Хайнц Фишердің елімізге сапары барысында бірқатар ресми кездесулер өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мүдделер ортақтастығы жақындастырған ел» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. «Біз Австрияны Еуропадағы негізгі әріптестердің бірі деп санаймыз. Біздің саяси-экономикалық, мәдени байланыстарымыз жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қатынастарымыздың тарихи тамыры тереңде жатыр. Атап айтқанда, бізде біріккен орта құндылықтар бар», - дейді Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен кездесуі барысында. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.

***

«Қырғи-қабақ соғыстан кейін Хельсинки актісімен айшықталып, адамзат тарихы үшін өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа бағыттарға жол сілтеген Хельсинки рухы соңғы жылдары өз қадірін жоғалтып бара жатқандай. Оған жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ саммитінің 11 жыл бойы ұйымдастырылмауы, ұйымды реформалауға қатысты мәлімдемелердің жиі көтерілуі, бір үстел басына Армения мен Әзірбайжан, Ресей мен Грузия басшыларының отырмауы, Батыс пен ислам әлемі арасындағы байланыстардың нашарлауы, тағы басқа да соңғы 10-20 жыл ішінде туындаған өзекті әрі әлемдік бейбітшілікке нұқсан келтіріп отырған мәселелер дәлел боп тұр. Соған қарағанда мемлекеттер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынастарды жаңа бағытқа бұру аса маңызды. Бұл тұста 13 баптан тұратын Астана декларациясы әлем қауымдастығының қауіпсіздігін іс жүзінде қамтамасыз етуді көздейді. Отандық сарапшылар бұдан «Астана рухының» лебін сезеді», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның сенбілік санында жарық көрген мақалаға терең бойлағыңыз келсе, «Астана декларациясы - Астана рухының бастауы» деген тақырыпқа назар салыңыз.

«Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінің тарихи маңызы неде?». «Айқын» газетінің сенбілік санында көтерілген осы сауалға еліміге есімі белгілі бірқатар азамат жауап берді. Мәселен, академик Сұлтан Сартаевтің пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін сала отырып, ұйымға мүше елдердің, әріптес мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың басшыларын қазақ топырағына жинап, іргелі жиын өткізе білді. Әрине, саммит барысында шешімін тапқан дүниелер болды. Бірақ біз халықаралық қатынастарды бекемдеу жолында шұрайлы әңгіме өткізген Президент Назарбаевтың ерік-жігерін ерекше айтуымыз қажет. Ал саяси ғылымдар докторы профессор Сайын Борбасов Хельсинки үдерісіне кірген алайда кейінгі кезде ұмытыла бастаған жер дауы, экономикалық кикілжіңдер, өзге елдің ішкі мәселесіне араласпау, сыйлау, адам құқықтарын таптамау, тағы басқа мәселелердің қайта жанданғанын айта келіп, «Өйткені 1999 жылы Ыстамбұл саммитінен кейін әлем үлкен өзгерістерге ұшырады. Көптеген даулы мәселелер бас көтерді. Соның көбі осы ЕҚЫҰ-ға кіретін елдердің аумағында болды. Астана саммиті «ыстық нүктелердегі» тартыстарды толық шешпесе де, келісімге келуге болатынын көрсетті. Жалпақ ғалам қазақтың кім екенін, қандай мүмкіндіктерге ие екенін таныды, білді. Енді бізбен де санасатын болады. Міне, саммиттің маңыздылығының бірі осы», - дейді.

***

«Жүрдім-бардым түсірілген, қазақты көштен қалған экзотикалық тайпа деңгейінде көрсететін түрлі фильмдеріміз өз еліміздегі прокат желісіне ілесе алмаса да, әйтеуір, батыс пен АҚШ-қа барып, жүлде алып жүр. Соны місе тұтып, «сыртқа жүнімізді» қомпитқанымызға мәзбіз. Қарап отырсақ, өзіміз түсірген кинолар өзімізге арналмаған сияқты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Жабық көрсетілім» «Бақсының» бетін ашып берді...» деген мақаласында. Басылымның жазуынша, жарты әлем тамашалайтын әйгілі ОРТ телеарнасында журналист Александр Гордонның «Закрытый показ» («Жабық көрсетілім») деп аталатын бағдарламасы бар. Онда белгілі бір фильм көрсетіліп, соңынан студияға арнайы шақырылған танымал киномамандар мен сыншылар, режиссерлер мен актерлер, сарапшы-журналистер оның мазмұны мен басқа да жанрлық, кәсібилік жақтарын ашық талқыға салады. Бұл жолғы «Жабық көрсетілімде» белгілі қазақ режиссері Гүлшат Омарованың «Бақсы» атты туындысы мамандардың ой-көкпарына түсті. «Бақсыны» талқыға салған білгіштер, осы фильмді кәсіби тұрғыдан сынай отырып, жалпы, қазіргі қазақ кинематографының ортанқол деңгейден аса алмай отырғандығын ашып айтты.

«Алаш айнасы» газетінде «21 жасқа дейінгілер жеңілдіктен қағылмақ» деген тақырыппен қала жарияланды. Басылымның жазуынша, Қазақстан футбол федерациясының жас ойыншыларға мүмкіндік беру саясаты аясындағы «әр клубтың сапында 21 жасқа дейінгі екі футболшы міндетті түрде алаңда ойнауы керек» деген талабы көптеген клубтарды тығырыққа тіреп келген сияқты. Сондықтан жастарды құлақтарынан сүйрей берудің нәтиже бермесін түсінген ҚФФ бұл ережеге аздап өзгерту енгізуді жөн көрген секілді. Енді жаңа маусымнан бастап әр клуб ішкі біріншіліктегі ойын кезінде өз сапына 21 жасқа дейінгі үш футболшыны тіркеп, оның біреуі міндетті түрде алаңда ойнауы керек болады. Өкінішке қарай, ҚФФ-ның бұл саясаты, жемісін беріп жатқан жоқ. Мәселен, соңғы чемпионатқа көз салар болсақ, 2009 жылғы футбол маусымында «лимитчик» болып, масайрап жүрген 1988 жылғы жастардың тек 12-сі ғана биыл ел біріншілігінде өнер көрсетіпті.

***

«Мемлекет басшысының атына Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан хат келіп түсті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, хат авторы ЕҚЫҰ-ның VII Саммитінің қорытындыларына деген зор қанағаттанушылық сезімін бөлісе отырып, осынау халықаралық форумда Астана Декларациясының қабылдануы Отанымыздың абырой-беделін тағы да биіктете түскенін мақтанышпен баяндайды. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, жамбылдықтар, ЕҚЫҰ Саммиті жұмысының қорытындаларын орасан қанағаттанушылық сезіммен қабылдадық. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулер Сіздің көп жақты саясатыңыздың көрегенділігі мен айқындылығын, әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның беделін тағы да қуаттап берді», деп жазады облыс басшысы. Сондай-ақ Қ.Бозымбаев Жамбыл облысының жұртшылығы Астана Саммитінің табысты өткеніне аса қуанышты екенін жеткізіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа зор денсаулық және ел мүддесі жолындағы қызметіне табыс тілеген.