Кеңестік қыспақтың күші қайта қоймаған, қазақ тәуелсіздігінің алдындағы қиын кезеңде, Ақмола, сол кездегі Целиноград қаласына келіп, қазақ театырының негізін қалаушы да Жақып Омаров екені белгілі. Театр болашағы, тек театр емес, ұлт болашағы үшін талай тартысқа түскен Ж. Омаров биліктің де, басқаның да рұқсатына қарамастан театр ашылған күннің ертеңінде, мекеме атын «Ақмола облыстық қазақ театры» деп айғайлатып қойып жібереді. Ол кісінің жоғарыдағы біз келтірген сөзін, яғни «бұл Ақмола емес, Целиноград қаласы» дегендерге айтқанын, Жақаңның жанында жүріп, демеу болған жандардың кез келгені біледі. Солардың бірі, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, театр қаланған күннен бастап киелі шаңырақтың сахнасынан түспей келе жатқан өнер иесі Бақыт Исабекова.
- Оқырманға өзіңіз жайлы айта отырсаңыз?
- Туған жерім қазақтың талай алыбының, талай асылының жер анасы атанған Семей өңірі, нақтырақ айтсам, Аягөз қаласы. Арғы аталарымыз Абай ауданын мекенденген Тобықты руы. Сол ата-бабамыздан аманат болып қалған Құндызды деген жеріміз бар. Мектеп қабырғасын Семей облысы, Баршатас ауылында аяқтадым. Жастайымнан өлең-жырға жақын болып өскен мен қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын 1982 жылы «драма және кино әртісі» мамандығы бойынша тәмамдап шықтым. Ол кезде өнердің қара шаңырағы Алматы мемлекеттік көркем театр институты деп аталатын еді. Тағдыр менің туған жеріме қайтып оралуды жазыпты. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірден Семей музыкалық драма театрына қызметке келдім. Өнер жолын таңдағаныммен, отбасын құрып, ошақ қасында отыру өмір талабы ғой, тұрмысқа шықтым. Өмірдегі жолдасыммен өнердегі жолдасым Семей музыкалық театрының белді қызметкері, талай жылдар театр саласының тарланы атанған Сәкен Омаров деген азамат болды. Өкінішке қарай, 1999 жылы ерім өмірден озды. Қазір Еркебұлан деген ұл мен Марал есімді қыздың анасымын. Қызым мен жүріп өткен жолды таңдады десем де болады, болашақта кино және теледидар режиссері болып шықпақ.
Ал ата-анама тоқталсам, Құдайға шүкір, қос қанатым әлі күнге қасымда, әкем Арғынғазы Исабеков Семей өңірінің «энциклопедиясы» десем болады, жасы сексеннен асты, 40 жыл сот саласында қызмет етсе де қазақ тарихынан, қазақ өнерінен қолын үзбеген азамат. Қазір өңірдегі бір тарихи оқиғаға қатысты бұйымтай сұраушылардың барлығы әкеме жолығады. Анам Камаш Жапарқызы жетпістен асқан бақытты әже, ол кісінің де ән айтатын өнері бар. Дауысы өте керемет.
Қ.Қуанышбаев атындағы өнер ұжымына мен 1990 жылы дәл осы күз айында қабылданған екенмін. Сондықтан қабырғасы қаланған жылынан емес, күнінен бастапқы театр тарихы менің көз алдымда. Мен осы театрмен есейдім! Ең алғашқы әртістерді қабылдап, қазақ жерінің түкпір-түкпірінен таланттарды шақырған өр тұлғалы, парасатты, намысшыл режиссер Жақып Омаров еді. Жақып ағамыздың шақыруымен 1990 жылы келгеніммен, театр іс жүзінде 1991 жылы құрылды. Театрдың алғашқы қойылымындағы басты кейіпкерді беріп, шеберлермен біте-қайнастырған Жақып ағамен өнер жолымыз тоғысқанына әлі күнге қуанамын. Қазіргі елордалық театрдың қазығын қаққан алғашқы әртістердің бірі өзім болыппын, содан бері 20 жыл өтті. Қазақ жұрты куә болып отырғандай, Астана адам танымастай өзгерді. Еліміздің бас концерт сарайларының бірі болып отырған Конгерсс-холл ол кезде «Тың игерушілер сарайы» болған. Уақыт сүзгісінен өткен тамаша туындыларымен қатар, жаңа ұсынылып отырған қойылымдарға қоржыны бай Қаллеки театры сол тың игерушілер сарайында Ғ.Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтотысымен» алғаш шымылдығын ашқан. Сол алғашқы қойылым, сол тарихи сәт Қазақстанның болашақ астанасының рухани өміріндегі азығына айналатын Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының құрылғандығының белгісі еді. Сол спектаклде Ақтотыны сомдап шыққан мен Ақмола көрерменімен алғаш қауыштым
- Театрдың 20 жылдығы. Осы сахнада 20 жыл үзбей қызмет істеп келесіз. Жақында 20-шы маусымның ашылуы екен. Алып қарасаңыз, айтулы күндер. Қазіргі театр тынысына тоқталмас бұрын, театр тарихын өз қолымен жазып келе жатқан тұлғалардың бірі ретінде, өткен күннен айта кетерлік бір естелік сұрасақ...
- Қ.Қуанышбаев атындағы театр тарихи Астананың тарихымен тығыз байланысты дер едім. Сол кездегі Ақмолада өзге ұлт өкілдері, соның ішінде, әрине, орыс ұлты көп еді. Қазір ойлап қарасам, қазақтар жоқтың қасы болған екен. Жаңадан ашылып жатқан қазақ театрының көрермендері қазақ тілді ұйымдардың бір-екі қызметкері, саусақпен санарлық қазақ газеттерінің бірнеше редекторлары болатын. Кенесары көшесіндегі ескі үйлердің бірінде дайындаламыз, содан соң ескі сахнаға шығып көрермен санасына бір ой салу мақсатымен қазақ қойылымдарын қоямыз. Бір айта кетерлік дүние, қазақ театрының кең тыныстануы үшін бар көмегін аямаған, қазақ тілді спектаклдерге қарсы сөз айтып, қазақ өнерін менсінбегендерге қарсы шыққан театр жанашырларының бірі, қазір халық қалаулысы болып отырған, сол кезде Ақмола облысы әкімінің орынбасары болған Светлана Жақиянқызының ерлігі. Айналаның бәрі орыстанып жатқанда қазақ тілін, қазақ ділін сақтап қалған қазақ театрына осы шаңырақтың бұйыруына, одан қалса біздің ұйымдасуымызға көп көмегін тигізген де С. Жақиянқызы. Театр жолында табандылық танытқан Жақаңның арқасында театр ашылуын ашылғанымен, оның аяғынан тік тұрып кетуі үшін қаншама күш-жігер, қажыр қайрат керек еді. Бұл жай мекеме емес, бұл ұжымның сахнасындағы тақтайынан бастап табуға тура келді. Ал тақтайы тұрмақ, көрермендерін шақыратын ғимараты, мекен-жайы жоқ театр қандай театр болмақ? Жақып ағаның жүрегіне маза бермеген де осы мәселе болатын. Қол астындағы бір топ әртістері ертіп алып, қазақ театрына «қоныс» іздеді. Қаладағы мектеп, колледж, институт, кітапхана, не керек, жұмыс істеп тұрған мекемелердің барлығына барып, насихат жүргіземіз. Қазақ оқушылары, тіпті қоғамда орны бар қазақ азаматтарының қазақша білмейтіндігі бізді қынжылтатын... еңбегіміз зая кететін. Билік тарапынан ұсынылатын ғимараттар қала сыртында құлағалы тұрған төрт қабырға, одан қалса ескі клубтар...Солардың барлығы үшін Жақып Омаровтың жаны күйіп, ызасы жағадан алатын. Сонда да қажырлылық танытып, ұсынылған барлық іске алғысыз ғимараттарға «жарамайды» деп бір ауыз сөзбен ғана жауап беретін. Сөйтіп жүріп, орталықтағы осы қалалық партияның кеңсесін алуды ұйғардық. Бұл мекемені алу үшін де айтыс-тартыс шаш етектен болды, тіпті алаңға шығып, «айғай» шығару ойы да болды бізде. Бұл міне, театр тарихындағы ең ауыр кезең, ешқашан ұмытуға болмайтын кезең еді...
Ал осы театрдағы 20 жылдық қызметіме келер болсақ, жоғарыда айтқанымдай, мен осы театрмен есейдім. Жақып аға ең алғашқы қойылымда басты рөлді беріп, мені шабыттандырды. Ол кісінің жолын Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев ағамыз жалғастырып әкетті. Тағы бір талантты режиссердің жұмыс істеу әдісімен, әртісті ашу жолдарымен таныстық. Ұлпандай аналардың рөлін сомдадым. Ал енді театрдың да, менің де өмірімдегі ең бақытты кезеңдердің бірі, ол әрине, қазақтың көрнекті режиссері, ұлы тұлғасы Әзірбайжан Мәмбетовтың жетекшілігіндегі жылдар еді...
- Сахна сыншысы сырт көз ғой. Жасандылықпен көрермен көңілін алдай алмайсыз. Гастрольдік сапарлармен шетелге шығып тұрасыздар. Ал осы шетел көрермендерінің қазақ өнеріне, соның ішінде театр саласына беретін бағасы қандай?
- Мен бұл орайда ең алдымен, шетелдегі қандастарымызға тоқтала кетсем. Бір жылдары Мысыр еліне, Германияға гастрольдік сапар жасадық. Байқағанымыз, Мысырда тұрақтанып қалған қазақтар аз, тек тіл үйренуге барғандарды, не болмаса, елшілік жұмысындағы азаматтарды көзіміз шалды. Олар елдегі уақытша азамат ретінде, қазақ қойылымдарына сол елдің өкілдерін шақырып, бізді сахнаға шығаруға ат салысып, ұйымдастырушы ретінде жүрді десем болады. Ал Германияға қазақ театры келіпті дегенді естіп, сонау Франциядан, Бельгиядан арнайы ат шаршатып келген қазақтарды көріп, олардың Отанға деген сағыныштарына күә болдық. Ол елде өңірдегі барлық қазақтың басын біріктіретін ұйғырлармен бірлескен диаспора бар екен, сол ұйым арқылы исі қазақ біздің келетіндігіміз жайлы хабардар болған. Біздің қойылымдарымызды үзбей тамашалады, бізді ортаға шығарып, сөйлете берді, ән айтқызып, Қазақстан туралы сұрай берді. Сол кезде өзге жұрттағы отандастарымыздың ешкімге айта алмайтын еліне деген ерекше сағынышы, тіпті жанарларындағы жастары, туған елінің жұпарын алып келген біздерді көргендегі ерекше толғаныстары байқалды. Солайша қазақ өнеріне қызыға қараған бауырларымыздың ыстық ықыласына бөлендік. Ал енді нағыз шетелдіктердің пікіріне келсем, олар қазақ өнеріне үлкен құрметпен қарайды. Әрі белгісіз бір тылсым дүние сырын ашып келе жатқандай, ынтамен байыптайды. Алысқа бармай-ақ, өткен қыста Иранда болып өткен дүниежүзілік театр фестивалін алайық. Әлемнің көптеген елдері қатысушы ретінде келді, ал ұйымдастырушылар тарапы бізді, яғни Қазақстан театрын қонақ ретінде шақырып, арнайы қойылым қоюымызды сұрады. Дайындап апарған М.Әуезовтың «Қаракөз» спектакілін көрермен сұранысына сай екі рет сахнаға алып шықтық. Қазақ халқында бар махаббатты, елді сүюді, ата-ана мен бала арасындағы тәрбиені, біздің халқымызда ежелден-ақ мәдениет бар екенін, жеті атаға дейін үйленбейтін дәстүр бар екенін, ұрпақтың өсуін, қазақ көңілінің тазалығын, Сырымдай ақын, Сырымдай серілер болғанын, Қаракөздей сұлулар болғанын, сондай аруды тәрбиелеген, ел алдынан кесіп өтпеген Мөржандай дана аналар бар екендігін 40 минөт ішінде көрерменге көрсетуге тырыстық. Үн-түнсіз, қатып отырып қарағандарына қарағанда, біз соның барлығын жеткізе алдық деп ойлаймын. Қойылымда былай қойып, біздің сахнаға киіп шыққан ұлттық киімдерімізге сүйсіне, құмарта қараған шетел көрермені қазақ өнерін жоғары бағалайтынына күмән жоқ.
- Сіздердің шетелдегі жетістіктеріңіз Қазақстанның да бір жетістігі ғой. Әңгіме барысында театр жұмысымен біраз таныстырып өттіңіз. Ал театр тынысында сізді алаңдататын бір мәселе бар ма?
- Бұл сұрағың әрине, орынды. Бұл қара шаңырақ талай жастарды тәрбиелеп шығарды, олардың өнердегі бақтарын ашып берді. Қол жеткізген жетістіктері де бар. Қазір театрдың танымал болып, көрермендер спектакльдерге кезекке тұратындай дәрежеге жетуі үшін, Астанадағы қазақ театрының көлеңкеде қалып қалмасы үшін аз күш жұмсалып жатқан жоқ. Әзірбайжан Мәммбетов ағамыздан кейін осы театр тізгінен өз қолына алған театр сыншысы Еркін Жуасбек өзгелерге көрінбейтін кенже тұстарды түгендеп, театрды жарнамалау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Сол кісінің де, барлық театр ұжымының да көкейлеріндегі енді бір арман - жаңа театр ғимараты. Елордадағы қазақ театры болған соң, Астаналық мәртебенің бұйыруы талас тудырмайтын мәселе деп ойлаймын. Қазіргі сахна өте тар, оның тарлығына қарамастан талай жылдар көрермен қошеметіне бөленген туындылар орындалып жатыр-ақ. Бірақ әртіс жақсы өнер көрсету үшін оның өнер алаңы да ауыз толтырып айтарлықтай болуы керек. Болашақта осы олқылықтың орны толады деген үміттеміз. Қазақ театры үлкен сахнадан көрінуі керек емес пе...!?
- Ендеше сіздерді Астана төріндегі жаңа бір сахналардан көруге жазсын! Әңгімеңізге рахмет!