деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынға Астана қаласының құрылыс басқармасы, құрылыс салушылар, қалалық прокуратура, қаржылық бақылау органдары, білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты. Астана қаласының құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Нұрбол Нұрсағатов қаланың Есіл ауданында құрылысы кешеуілдеп жатқан 500 орындық амбулаториялық емдеу кешенінің және мектеп нысандарының құрылысы жайында толықтай мағлұмат беріп өтті.
Оның айтуынша, Есіл ауданында құрылысы бірнеше жылдарға тоқтатылған 500 орындық амбулаториялық емдеу кешені мен балаларға арналған 150 орындық емхана құрылысы жуық арада қайта басталады. Кешендердің 2004-2005 жылдары жасалған сметалық жобасы қайта жасақталуда. Ал 2 мектептің құрылысы қаржылық мәселелердің шешілуінен кейін жалғасын таппақ.
Елордада тұрғындарға қызмет көрсететін емханалардың жағдайы күрделі. Бүгінде қаладағы емханалық-амбулаториялық нысандар 370 мың адамға арналып, оларда бір ауысымда 6 мың 155 адам қабылдануы тиіс. Алайда онда қазір белгіленген көрсеткіштен екі еседен астам адам қаралады. Бүгінде тұрғындардың емханаға деген зәрулігі 4 мың 855-ті құрап отыр. Қала басшылығы «100 аурухана құрылысы» бағдарламасы аясында салынып жатқан медицина нысандарына үлкен үміт артып отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша 9 нысан салынбақ.