Астанада 25-26 қазан күндері Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының күндері өтеді

ТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанада 25-26 қазан күндері Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Аймақтар күні өз жалғасын табады.

Елордаға 25-26 қазан күндері Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының ресми делегациялары келетін болады. Астанадағы Аймақтар күнінде қонақтар елордаға өз өңірлерінің бар жақсысы мен ерекшелігін көрсетіп, ұсынады. Осыған орай алдағы аптада астаналықтарды ауылшаруашылық жәрмеңкесі, көрме және концерттік бағдарламалар күтіп тұр.

Атап айтқанда, Бейбітшілік және келісім сарайында 25-26 қазан күндері Алматы, Павлодар, Батыс-Қазақстан облыстары өнер шеберлерінің бірлескен концерті өтеді. Концертте аталған облыстардың өнерпаздары өз өнерлерін Астана жұртшылығына паш етеді. Концерттік бағдарламада үш облыстың бірлескен қазақ ұлт аспаптар оркестрі, би ұжымдары, фольклорлық, домбырашылар мен скрипкашылар ансамбльдері, сондай-ақ елімізге танымал жеке орындаушылар өнер көрсетеді. Олардың орындауында жергілікті ақын-композиторлардың шығармалары шырқалады.

Алғаш болып аймақтар Күнін 8-9 қыркүйекте Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары ашқан болса, 28-29 қыркүйекте Астанада Қостанай, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан, ал 11-12 қазанда Маңғыстау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының күндері өткен еді.