Астанада «Ақ найза» әскери-патриоттық ойынының қорытындысы шығарылды

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешені алаңында «Ақ найза» V қалалық әскери-патриоттық ойынының салтанатты жабылу рәсімі болды.

Шара Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған.

«Сайысқа қатысқан ЖОО-лар мен колледждердің студенттері әскери дайындықтарын көрсетіп, өздерінің еліміздің болашақ патриоттары екенін тағы бір дәлелдеді. Шараның негізгі мақсаты да осы. Яғни жас ұрпақтың бойындағы еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін одан әрі дамыта түсу болып табылады», - деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов.

«Ақ найза» әскери-патриоттық ойындарының қорытындысы бойынша, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасы 1-орынды жеңіп алса, екінші орынға С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері табан тіреді. Ал үшінші орынды Қазақ гуманитарлық заң университетінің командасы еншіледі.

Шараға сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Олимпиада чемпионы, Қазақстан бокс федераиясының спорт директоры Серік Сәпиев, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеология департаментінің басшысы Мұхамеджат Таласов қатысты.