Астанада ашылған «Келешек мектебі» екі білім мекемесіндегі үш ауысым мәселесін шешті

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы № 114 жалпы білім беретін «Келешек мектебінің» директоры Ұлбала Тойлыбаева бұл білім ордасының ашылуы осы аудандағы үш ауысымды екі мектеп мәселесінің шешілуіне себеп болғанын айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

— Қазір мектебімізде 2326 оқушы бар. Біз осы жердегі бала саны нормадан асып кеткен екі білім беру беру мекемесінің, яғни № 37 мен № 32 мектептердің үш ауысым мәселесін шештік. Екі мектептен 1400 бала ауысып келді. Қазір біз бір ауысымнан асып, 300-ден астам бала екінші ауысымда оқып жатыр. Мектебіміз осы жаңа оқу жылында ғана ашылды. Соған қарамастан, біздің шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жатыр, — деді ол.

Директордың сөзінше, «Келешек мектептері» тек әдемі, кең ғимараттар ғана емес.

— Бұл жерде баланың білімі, тәрбиесі қалыптасып жатыр. Сондықтан білім алуға барлық материалдық жағдай жасалғанымен қатар, құндылық жағынан да ерекше назар аударамыз, — деді ол.

Директор мектептегі қауіпсіздікке тоқталды.

— Мектепте қауіпсіз орта қалыптасқан. Ол Face ID жүйесі арқылы балалардың кіріп-шығуымен жасалып отыр. Одан бөлек инклюзивті білім беру нормасына сәйкес, ерекше қажеттілігі бар балалар лифтпен жүруіне болады. Сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған қосымша білім беру қарастырылған. Спорт үйірмелері, тігін, STEM үйірмелері бар, — деді директор.

Бұдан бұрын елордадағы бүлдіршіндерге арналған Президенттік шыршаға 200 бала қатысқанын жазған едік.