Астанада Astana Bike ең белсенді пайдаланушыларын марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 1 қарашада Astana Bike әлеуметтік-инновациялық жобасы маусымы аяқталды. Бұл веломаусымның қорытындысы бойынша ең белсенді үш пайдаланушы анықталды, деп хабарлады astana.gov.kz

Сөйтіп, «Үлкен қашықтықты (км) бағындырған пайдаланушы» аталымында жүлдені Дархан Әбішев иеленді, ол 1094 шақырымды жүріп өтті. «Бәрінен ұзақ жүріп өткен пайдаланушы (уақыт жағынан)» Павел Шевченко болды, оның көрсеткіші 92 сағат 42 минутты құрады.

«Велопрокатты жиі пайдаланушы» аталымында Арман Шәріпов марапатталды, ол велопрокатты 538 рет пайдаланған.

Әр жеңімпаз велоспортпен айналысуға арналған спорттық киім-кешек, сондай-ақ келесі маусымға жұмсауға болатын ақша сомасына сертификат алды.

2015 жылы Astana Bike жобасының веломаусымы 15 сәуірден 1 қарашаға дейін созылды. Осы уақыт ішінде пайдаланушылар саны 1666 адамды құрады, оның 154-і СМС бойынша қолжетімділікті пайдаланды. Жасалған прокат саны - 87 130, жалпы ұзақтығы - 1 395 450 минут, ұзақтығы - 178 410 км. Сайтта тіркелген пайдаланушылар саны - 1372 адам. Астанада жаңа велопрокаттың жаңа маусымы 2016 жылы мамырда ашылады.