Астанада «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы » Халықаралық симпозиумы өтеді

АСТАНА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 28 маусымында Астанада «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» Халықаралық симпозиумы өтеді.

EXPO 2017 Халықаралық көрмесін өткізу құқығына үміткер Қазақстан елі үшін бұл Симпозиум маңызды шара болмақ.

Астана Халықаралық Көрмелер Бюросына мүше 160 елдің делегаттарын қарсы алады. Олар 2012 жылдың қараша айында Парижде өткізілетін Халықаралық Көрмелер Бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында дауыс беру арқылы EXPO 2017 Халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болатын мемлекеттің атын жариялайды.

Симпозиумның басты мақсаты - ғаламшардың назарын Қазақстанның EXPO 2017  көрмесіне таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбына аудару. Сонымен қатар Астананың халықаралық шараларды жоғары деңгейде өткізуге даярлығын көрсету. Шетелдік және қазақстандық ғалымдар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері симпозиумда жаһандық мәселелерді айқындап, климаттың өзгеруін, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігін және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларына қаржылай қолдау көрсетуді талқылайды. Осы орайда айтып кетерлік маңызды жайт, Астана жеңіске жеткен жағдайда, EXPO 2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс жасайтын болады.

Қазақстан бастамасын энергетика саласының алдыңғы қатарлы сарапшылары, ғалымдар мен қоғам көшбасшылары қолдаған. Симпозиумға қатысушы шетел спикерлері арасында: Solar Impulse директоры Бертран Пикард (Bertrand Piccard), Energy Technology Perspectives басшысы Доктор Маркус Врейк (Markus Wrake), Greenpeace International бұрынғы атқарушы директоры Герд Лейпольд (Gerd Leipold), Solar Century және Solar Aid негізін қалаушы, әлеуметтік кәсіпкер Джереми Леггет (Jeremy Leggett) және басқалар бар.

Симпозиумды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ашады. Қазақстандық спикерлер қатарында - Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, EXPO 2017 ASTANA жобасының ұлттық үйлестірушісі Рапиль Жошыбаев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов, «Қазатомпром» ҰАК АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник бар.

Симпозиумаға қатысушылар «Энергияны тұтыну және климаттың өзгеруі», «Энергияны үнемдеу, энергияның тиімділігін арттыру» тақырыптары бойынша пікір алысып, тұрақты әрі баламалы энергия көздерін арттыру жолдарына талдау жасай алады Симпозиум бағдарламасында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференция өткізіліп, спикерлермен жеке сұхбат жүргізіледі.