Астанада "Бұрқасын-2010» шаңғы жарысы өтеді

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Астанада наурыздың 13-і күні "Бұрқасын-2010» шаңғы жарысы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Астана қаласының әкімдігінің туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Бұл байрақты бәсекеге мектеп оқушылары мен мұғалімдер, арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қала тұрғындары мен қонақтар қатысады деп жоспарлануда.Жарыс бағдарламасында ерлер мен әйелдер, қыздар мен жасөспірімдер, балалар мен ардагерлер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі қатысушылар арасындағы бұқаралық жүгірулер бар. Мәселен ерлер - 15, әйелдер - 10, 1990-91 жылдары туған жастар - 15 және 10, 1992-95 жылы туған жасөспірімдер - 10 және 5, 1996 жылға дейінгілер - 3, ал ардагерлер 10 және 5 шақырымға жарыспақ. Ұйымдастырушылар бұл жарысты отбасылық және корпоративтік демалысқа және Астанадағы қысқы спорт маусымын ресми түрде жабылуына арнап отыр. Онда ниет білдірген адамдар үшін шаңғы мен конькиді жалға беру орындары жұмыс істейді.

Сондай-ақ мұз айдынында да бұқаралық сырғанау, спорт мектептері мәнерлеп сырғанаушыларының көрсетілімдік қойылымдары көрсетілетін болады.