16:47, 07 Сәуір 2009
Астанада «Дағдарысқа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру ісіне бизнестің қатысуы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтіп жатыр
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада «Дағдарысқа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру ісіне бизнестің қатысуы» атты халықаралық дөңгелек үстел жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынға Үкімет басшысының орынбасары Серік Ахметов, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев, «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық-экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев, сондай-ақ Қырғызстаннан, Украинадан, Ресейден сарапшылар, кәсіпкерлер мен экономистер қатысуда.
Дөңгелек үстел барысында Серік Ахметов қазіргі кезде Қазақстанда дағдарысты еңсеруге бағытталған шаралар мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне тоқталып өтті.
«Елімізде атқарылып отырған дағдарысқа қарсы шараларға Ресейден келген мамандар қызығушылық танытуда. Қазіргі кезде әлемдегі дағдарыспен күрес жағдайында біздің еліміз жоғары бағаға ие болып отыр. Халықаралық сарапшылар елімізде жүзеге асырылып отырған іс-қимылдарды бастама ретінде бағалауда. Атап айтқанда, бұл атқарылып жатқан шараларды біз әрі қарай жалғастыруымыз шарт», деді жиын барысындағы брифингте Дархан Қалетаев. Сондай-ақ ол шағын және орта бизнесті несиелендіруге байланысты қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер арқылы тиісті қаржы бөлінгенін атап өтті. «Енді құжат жағын рәсімдеуді жылдамдатып, кедергілерді азайту мәселелерін қарастырудамыз», деді ол.