Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы елордалық ЖОО-лар мен колледждердің студенттеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады. Бүгін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өтті.
Волонтерге қандай талап қойылады
«Еріктілерге қойылатын негізгі критерийлер: жасы 18-ден асуы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы, бірнеше тіл білуі, ұлттық спорттан немесе ұлттық мәдениетімізден хабардар болып, көшпенділер ойындарына шын ниетімен үлес қосуға ынтасы болуы керек. 18-ге толмаған, бірнеше тіл білетін, жан-жақты мектеп оқушылары да ұсыныс жіберіп жатыр. Біз ол ұсыныстарды жеке-жеке қарастырамыз, олардың ата-аналарынан рұқсат алу керек болады. Басқа өңірлерден де талантты жастар хабарласса, міндетті түрде әрбірін жеке қарастырып, шешім қабылдаймыз», - дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев.
Спикердің айтуынша, Қырғызстаннан, Ресейден, Еуропа елдеріндегі волонтерлерден де ұсыныс түсуде. Шетелдік волонтерлер де қабылданады, бірақ аса көп болмайды. Бірақ волонтерлердің негізгі контингенті Астана қаласынан болғаны абзал.
Жалпы көшпенділер ойындарына 1000 ерікті іріктеліп алынады деп жоспарланған. Сауалнаманы елордалық оқу орындарында немесе worldnomadgames.kz/ сайтында онлайн толтырып, ұйымдастырушылардан кері байланыс күту қажет. Сауалнамада үміткер жеке мәліметтерін, волонтерлік тәжірибесін, киім өлшемін, тілдерді білу деңгейін, қызығушылықтары мен дағдыларын жазу керек.
Университет базаларында немесе дирекция кеңсесінде әрбір үміткермен сұхбат жүргізіледі. Сұхбат кезінде үміткердің қабілеттері мен бейіні анықталады. Іріктеу мен өтінім қабылдау маусым айына дейін жалғасады. Іріктеудің ең соңғы кезеңі – әрбір еріктімен келісімшартқа қол қою болмақ.
Волонтерлер қандай жұмыспен айналысады
Көшпенділер ойындарында волонтерлер аудармашы, делегаттарды алып жүру, салтанатты рәсімдер және протокол, баспасөз орталығы, спорттық сайыстар, тасымалдау, орналастыру және тамақтандыру, күтіп алу және шығарып салу секілді функционалдық бағыттар бойынша бөлінеді. Әр волонтердің жұмыс күні 6-8 сағаттан аспайды.
«ЖОО басшылығына хат жолдап, ойындар кезінде волонтерді сабақтан босатуды сұраймыз. Бірақ еріктінің өзі жіберіп алған сабақтарын кейін қосымша оқып, бағдарламаны қуып жетуі керек. Төрт мың спортшыдан бөлек, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжанып отыр. Олармен әкімдік жұмыс істейді, өз волонтерларын шақырады. Біздің еріктілер тек қана ойынға келетін қонақтарға көмек көрсететін болады. Әр волонтер графигі өзінің функционалды бағытына байланысты болады. Мысалы, күтіп алу мен шығарып салу жұмыстары болса, түнгі уақыттағы рейстерге шығуы керек болады», - деп түсіндірді Абылай Қондыбаев.
Бұл ретте әрбір волонтер киім-кешекпен, толыққанды тамақпен, байланыспен, көлікпен қамтылады.
Волонтер болу неліктен маңызды
Спикердің айтуынша, Көшпенділер ойындарының волонтеріне еш ақы төленбейді, бірақ бағалы марапаттар мен түрлі мүмкіндіктер жолы ашылады.
«Ойындарға атсалысқан әрбір волонтерге халықаралық сертификат беріледі. Бұл шетелдік беделді оқу орындарына немесе тағылымдамаға құжат тапсырарда үлкен артықшылық береді. Іс-шара аяқталған соң, өзін жақсы қырынан көрсеткен еріктілер мен координаторларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар беріледі. Барлық еріктілерді ойын күндері өтетін мәдени-іс шараларға аккредиттейміз, оларды тегін тамашалау мүмкіндігі болады. Бір апта бойы қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Өзге қалалардан келетін волонтерлерді жатын орнымен қамту мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді А. Қондыбаев.
Сонымен бірге, іріктеу кезеңінен өткен мың волонтерге арнайы оқыту-дайындау жұмыстары жүргізіледі. Олар шетелдік қонақтарды күтіп алу, алып жүру, командада жұмыс істеу бойынша тренингтерге қатысады.
«Халықаралық жарыста ерікті болу мол тәжірибе береді және үлкен өмірлік мектеп болады. Жаңа адамдармен танысып, жаңа достар табуға болады. Іріктеуге өтінім беретін жастың ең бірінші мақсаты осы болуы керек деп ойлаймын», - деді дирекция өкілі.
Айта кетейік, Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша екі жыл сайын өтетін халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді. 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды. 2024 жылы Қазақстан астанасы спортшыларды қабылдайды.
Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша, дәстүрлі садақ ату, саятшылық өнері, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.
Ұйымдастырушылар артық шығынға жол бермеу мен тиімділік ұстанымдарына сүйенеді. Ойындарды өткізу үшін жаңа ғимараттар салынбай, қолда бар спорт құрылымдары тартылады. Қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында реконструкция, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы – бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады.