Астанада Еуро-атлантикалық әріптестік кеңесінің форумы мен НАТО ПА семинарының өтуі Қазақстанға деген үлкен сенім - С.Тоқпақбаев

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Маусымның 24-26-сы күндері Астанада Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымының (НАТО) Еуро-атлантикалық әріптестік кеңесінің ІІІ форумы және НАТО Парламенттік Ассамблеясының 71-ші семинары өтеді. Бұл халықаралық маңызы зор шараға үлкен мән беріліп отыр. Осы жиынның бірінші рет Қазақстанның Елордасында өткізілуінің себебі не?

Аталған басқосудың көздеген мақсаты қандай? Осы сұрақтарға орай ҚазАқпарат тілшісіне НАТО-ның Парламенттік Ассамблеясындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшесі Сәт Тоқпақбаев толыққанды түсінік берді.? Сәт Бесімбайұлы, Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста ұлы істердің ортасында жүрдіңіз. Өз еркіндігін алған ел өзге мемлекеттермен және халықаралық маңызды ұйымдармен байланыстар орнататыны анық. Біз сөз еткелі отырған НАТО ұйымымен Қазақстан қашан келісімге келген еді? ? Тәуелсіздік жарияланған 1991 жылғы желтоқсанның 16-сынан бастап Қазақстан әлемдік қауымдастыққа ену үшін шетелдермен байланыс орнату бағытында қадамдар жасады. Менің ойымша, НАТО-мен біздің елдің қарым-қатынасы 1994 жылдан басталды. Оған дейін дайындықтар болды. Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына қосылды. Өзіңіз білесіз, Кеңес одағы тұсында жағдай басқаша болды. Екі жақ қарама-қайшы көзқарас ұстанды. НАТО-мен ешқандай қарым-қатынас болмады. Кеңес одағынан шыққан ТМД елдері нарық экономикасы басталған тұста біраз қиындықтарға тап болды. Саяси мәселелер де көп туындады. Айталық, лаңкестік, діни-экстремистік әрекеттер әлем елдерін толғандырды. Сол секілді есірткі тасымалы да алаңдатты. Осындай қатерлі жағдайларға қарсы бір мемлекеттің жеке өзі қарсы тұруы мүмкін емес. 2001 жылы қыркүйектің 11-інде Америкада қандай сойқан болғанын өзіңіз жақсы білесіз. Алпауыт АҚШ-тың дәрежесі де, абыройы да бір сәтте құлдырап түсіп кетті. Бұдан шығатын қорытынды біреу ? сол оқиға лаңкестік әркеттерге барлық елдер бірлесе отырып қарсы тұруымыз керек екенін дәлелдеп берді. НАТО-да қандай мәселелердің қаралып жатқанын біліп отырғанымыз еліміз үшін барлық жағынан тиімді. Егер біздің көңілімізден шықпайтын мәселе болса, оған қарсылығымызды білдіреміз. Ал оның жиналыстарына қатыспасаң, не білесің?!? Қазақстан Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымымен байланыс орнатқаннан кейін қандай бірлескен іс-шаралар өтті? ? НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы бойынша аталған ұйымға кіретін елдердің әскерлерімен бірге біздің әскерлер бірігіп, жаттығулар өткізе бастады. Ондағы мақсат біздің қорғаныс саласында жүрген азаматтар НАТО-ның құрамындағы елдің әскерлері қандай қару қолданатынын, олардың жағдайларын, қандай әскери тәртіптері бар екенін білер еді. Мен қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген кезімде сондай бірлескен жаттығуларды өткіздік. Мәселен, ондай халықаралық жаттығуға тек Американың солдаттары ғана емес, өзге елдердің де әскерлері қатысты. Айталық, АҚШ-тан бір рота, көрші Ресейден, Қытайдан, Қырғыз елінен әскерлер келді. Ол Қазақстанда бірінші рет Алматы облысында өткен еді. Біздің сардарлар мен сарбаздар шатырлар қалашығында шетелдік әріптестерімен бірге тұрды. Бірге жаттығу жасап, өзара пікір алмасып, тілдесті. Әсіресе, лаңкестік әрекеттерге қарсы қолданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасты. Әлі күнге дейін мұндай бірлескен жаттығулар жер-жерде тұрақты өткізіліп келеді. НАТО мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастығы жөніндегі келісімді, қателеспесем, еліміздің Парламенті 2006 жылы заң түрінде бекітті. Сонымен қатар НАТО-ның өкілеттігі Қазақстанда болуы, сондай-ақ еліміздің өкілі НАТО-да болуы туралы келісімді де заң түрінде бекіттік. 1999 жылы НАТО біздің елдің өкілеттілігіне өз ғимаратынан бөлме бөліп берді. Қазақстанның Бельгиядағы елшіліктің қорғаныс саласындағы әскери атташесі біздің Үкіметтің НАТО-дағы Қазақстанның өкілі қызметін қоса атқарады. ? Астанада өтетін жиын еліміздің халықаралық деңгейде абыройын көтеруге қызмет етеді емес пе? ? Әрине. Маусымның 24-інен бастап Астанада Еуро-атлантикалық әріптестік кеңесінің ІІІ форумы өтеді. Бұрын мұндай маңызды шара болған емес. Өткен жылы маусымның 27-сі мен шілденің 3-і аралығында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 17-сессиясының отырысы өткенін жақсы білеміз. Ол да бірінші рет өткен үлкен оқиға болды. Ал мына форумға көптеген елдерден 400-дей адам келеді. Мұндай жиын ТМД елдерінде бұрын өткен жоқ. Бұның барлығы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз тәуелсіздік алған күнінен бастап жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының жетістігі. Сондықтан бұл біздің мемлекеттің абыройы жоғары екенін, басқа алпауыт елдермен тереземіз тең екенін көрсетеді. Оның үстіне біз келер жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге үлкен дайындық жасау үстіндеміз. Оның алдында мұндай шараның өткені елдің абыройына қызмет етері даусыз. Бұл форумға НАТО ұйымының өкілдері және оның Парламенттік Ассамблеясының мүшелері қатысады. НАТО Парламенттік Ассамблеясының ішінде «Роуз-Рот» деген семинар бар. Оның бұлай аталуы 1990 жылы АҚШ Конгресінің депутаты Чарли Роуз сол тұста НАТО ПА-ның төрағасы болған. Соның ұсынысымен және АҚШ Сенатының депутаты Билл Роттың қолдауымен «Роуз-Рот» семинары өмірге келген. Бұл семинардың мақсаты Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде парламенттік демократияны әрі қарай дамыту мәселелерін алға қойды. Келе-келе Балтық өңіріндегі жағдайды енгізді. Өткен жылы аталмыш семинар Баку қаласында өтті. Онда Каспий теңізі аумағындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Қазақстаннан мені шақырды. Мен семинарда сөз сөйлеп, Қазақстанның ұстанған бейбітшілік мақсаты, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты туралы баяндап бердім. Ол жиынға көптеген елдің парламентшілері қатысты. Бұл жолы Астанада «Роуз-Роттың» 71-інші семинары болады, оған 100-ден артық парламентшілер келеді. ? Ең бастысы, Астанаға келген әлем елдерінің парламентшілері қазақ елінің бейбітсүйгіштік мақсатымызды ұғынады, елдің демократиялық даму жолына назар аударатыны анық дейсіз ғой. ? Иә, олар бәрін де өз көздерімен көреді. Форум кезінде халықпен кездесу мүмкіндігі туады. Біздің елдің азаматтарымен жүздесіп, пікір алмасады. Ол жиынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев ашады. Семинарды сенатор Қуаныш Сұлтанов жүргізіп отыратыны белгілі болды. НАТО ПА-ның отырысы жылына екі рет өтеді. Былтыр Валенсияда өткен күзгі жиналысында Люксембург өкілі Макс Анжел деген азамат сөз сөйледі. Ол Орталық Азияға қатысты НАТО мен Еуроодақтың саясаты қалай болуы керектігі жөнінде баяндама жасады. М.Анжелдің сөзінде біздің елге тиіп кететін жерлері болды. Ол Тәжікстанға байланысты мағлұматтарды қараған екен. Содан кейін осы аймақтағы елдердің де, яғни, Қазақстанның да жағдайы төмен, халықтың қал-ахуалы өте нашар, кішкентай жас балаларды да ауыр еңбекке салып қанайды дегендей пікірді айтты. Сонымен қатар саяси партия, сайлау жүйесі және бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты сәйкес келмейтін ойларын жеткізді. Демократиялық жағдай төмен деген ойын білдірді. Содан кейін мен сол жиналыста сөз сұрап, пікірімді ашық айттым. Ондай пікірдің қате екенін дәлелдеп бердім. «Егер Қазақстан туралы білгілерің келсе, елге келіп көріңдер»,- дедім. ? НАТО дегенде әскери ұйым ретінде қараймыз. Астанаға НАТО Парламенттік Ассамблеясының мүшелері, яғни, депутаттар келеді емес пе? ? НАТО мен оның Парламенттік Ассамблеясы ресми түрде екі ұйым. НАТО-ның Парламенттік Ассамблеяны құрудағы мақсаты көптеген елдердің парламентшілерін бір ортаға біріктіріп, әлемдің маңызы зор мәселелерді алдын ала талқылап, ортақ шешімге келуді көздейді. Сол арқылы бірнеше елдің парламенттеріне ықпал жасайды. ПА-ның құрамына 48 елдің өкілі кіреді. Оның ішінде НАТО-ға кіретін 28 елдің мүшелері, 14 ассоциациялық әріптес елдердің өкілдері және 6 ел бақылаушы ретінде қатысады. Біз сол бақылаушы 6 елдің ішіне кіреміз. Мен НАТО ПА-дағы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің өкілімін. Сенаттан екі өкіл бар, олар ? Берік Имашев пен Рашид Ахметов. ПА-ның жиналыстарында әлемдік маңызды мәселелер талқыға салынады. Мысалы, соңғы уақытқа дейін Қап тауындағы саяси жағдай күн тәртібінде болды. Сол секілді Ауған еліндегі жағдай әлі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. Ауғанда тыныштық болса, онда үлкен аймақта бейбітшілік толық салтанат құратыны даусыз. ПА-ның әр жиналысында осы мәселе қаралып жүр. ? Биыл еліміз үшін өтіп отырған халықаралық маңызы зор шараның бірі осы дейсіз ғой? ? Иә, бұл абыройымызды асқақтататын оқиға болғалы тұр. Қазақ елі өзін дүниежүзіне жақсы қырынан танытып, әлемдік қауымдастық алдында бедел жинауы қажет. НАТО ПА форумының біздің елімізде өтіп отырғанында үлкен мән бар. Өйткені бұл аталған ұйымның Орталық Азияда Қазақстанды көшбасшы мемлекет деп танып отырғандығының белгісі. Бұл елге деген үлкен сенім. Осы шара біздің бейбітшілік жолындағы атқарып келе жатқан үлкен істеріміздің айғағы болмақ. ? Рақмет әңгімеңізге.