Есте жоқ ескі замандарда хандар ермектеп, ой жүйрігін шалдырған ойынды жаңғыртушы - Әнуар Қабдолдаұлы деген азамат.
Әнуардың айтуынша,Хан дойбысының ғажайыбы - оның кестесінде. Онда астрономиялық ілімнен бастап философия, экономика, ғылым, мәдениет, саясат, мемлекет құру жүйесі, демократия, капитализм сияқты тағы басқа сан алуан сала бір тұғырда тоғысады. Кестесі қазақтың ою-өрнектерімен нақышталған. Ал тақтадағы ортақ фигура - қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы ою-өрнегінің, шаңырағының түсі арқылы олардың атақ-дәрежесін, нақтылай айтсақ ханы мен қарашасын, биі мен батырын анықтауға болады. Ойынның төрелегі де әділ. Жеңгені ерулік алып, хан болып ел сұрайды, жеңілгені айыбына жұртының билігін береді. Таңғалдыратыны, жүрістің шарты бойынша жапонның түймелері (Го), үндінің шахматы, қытайдың патшалық сайысы дойбыларындай (Халма) қарсыласыңды империялық-қағанаттық жүйемен тұп-тұқиянымен құртуға жол берілмейді, қайта жеңілгенді мойындатып, ел болып қосылуға жол береді. Міне бұл, байырғы хандық жүйенің демократиялық қағидасы.
Хан дойбысы Астана жұртына ресми таныстырылып отырғаны осы. Бірнеше күнге созылған іріктеу турынан өтіп, ойынды жете меңгерген сегіз Нұрсұлтан ақтық сында көпшіліктің алдында бақ сынады. Олар тек ойнап қана қойған жоқ, бейнекамера алдында ойынның ережесін түсіндіріп, бейхабар жұртшылыққа қолма-қол түсіндіріп берді. Ойын нәтижесінде, бірінші орынды - Ә. Марғұлан атындағы № 40 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Жүсіпбек, екінші орынды - № 5 гимназия оқушысы Нұрсұлтан Бижан, үшінші орынды - № 24 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Толағаев иеленді. Қатысушылардың бәріне «Астана» журналының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Астана» сауда үйінің, «Руханият» орталығының бағалы сыйлықтары тарту етілді.