Астанада кәсіпкерлердің өтініштерін қайта-қайта кері қайтарған шенеуніктер жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM - Тексеру барысында уәкілетті органдардың кәсіпкерлердің санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу туралы өтініштерін техникалық қателіктерге, құжаттарға қосымшалардың болмауына және басқа да формальды себептерге сілтеме жасап жүйелі түрде кері қайтарғаны анықталды.

Фото: Kazinform

Астана қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауапты тұлғалар құжатты қайта тапсырған кезде бір өтініш берушіге әр жолы бұрын айтылмаған жаңа себептер айтып, құжатты рәсімдеуге қарсы болған.

Уәкілетті органдар нақты әрі дәлелді негіздемелердің орнына жалпы сипаттағы бағалау тұжырымдарын келтіріп отырған.

Сонымен қатар өтініштерді түпкілікті шешім қабылдамай бірнеше рет кері қайтару тәжірибесі қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына алып келген.

Бұл кәсіпкерлерге елеулі кедергілер туғызып, олардың құқықтарының шектелуіне себеп болған.

Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Кәсіпкерлердің құқықтарының сақталу мәселесі прокуратураның ерекше бақылауында.

Осыған дейін Абай облысының прокуратурасы 3,4 мың кәсіпкердің құқығын қорғағаны туралы жаздық.