Астанада қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің «Отандық өнім» жәрмеңкесі өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мамырдың 11-інде Астанада қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің «Отандық өнім» жалпыұлттық жәрмеңкесі ашылады.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында болған баспасөз мәслихатында шараны ұйымдастырушы, «Көрме» кешенінің директоры Сәкен Қанапиянов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, жәрмеңке Қазақстанның тұтынушылар нарығында отандық тауарлардың таралуына және халыққа ұлттық тауарлық белгіні танытуға үлес қосады. Және де аймақаралық іскерлік байланыстарды орнатуға ықпал етеді.«Бұл шараға қазақстандық 200 компания қатысады деп күтіп отырмыз. Негізінен үш сала - тамақ өнеркәсібі, тұтыну тауарлары және қызмет көрсету бөлімдері бойынша өтеді», - дейді С.Қанапиянов. Жәрмеңке бағдарламасында отандық өндірушілердің өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға әсер ететін іскерлік, конкурстық шаралар, таныстырылым жобалары қарастырылып отыр. Жәрмеңке мамырдың 15-іне дейін жалғасады.