Бұл шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті, Астана қаласының әкімдігі, суретшінің жанұясы және «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ ұйымдастырып отыр. .
Әубәкір Ысмайылов - бейнелеу өнеріндегі шығармашылығы ежелгі көшпелілердің мифологиялық шындығын жарқын құбылысқа айналдырған ренессанстық суретшінің бірегейі. Сарапшылар суретшінің шығармашылық жолын зерттеу мен зерделеулерінде оның шығармашылығы жаңа ғасырымызда көшпелілер және түркі әлемінің қайта өрлеу дәуірінің байтақ жылнамасына жаңа парақтардың қосылуына жол ашты деп бағалайды.
Ә Ысмайыловтың шығармашылық жолы Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасуымен тура келеді. 1928 жылы Ә. Ысмайылов тұңғыш ұйымдастырылған қазақстандық жылжымалы сурет көрмесіне қатысты.
Ол Омбыдағы М. Врубель атындағы қөркемсурет-өндірістік техникумында оқиды. 1929 жылдан Ә. Ысмайылов жоғары көркем сурет техникалық институтында оқиды. 1930 жылы ол Мәскеу полиграфиялық институтының графика факультетінде оқып білім алады. 1931 жылдан «Октябрь» атты суретшілер бірлестігінің құрамына қабылданды. 1932 жылы КСРО Суретшілер Одағының мүшесі болған Ә. Ысмайыловқа ұлттық суретшілер одағын ашу міндеттеліп Қазақстанға келеді. Ол 1933 жылдан жаңа құрылған Қазақстан Суретшілер Одағының алғашқы ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, бұл міндетті 1940 жылға дейін абыроймен атқарады. 1935 жылы Ә. Ысмайылов Мәскеуде кәсіби суретшілер бірлестігінің құрамына енеді. Сонымен қатар, 1932-1934 жылдар аралығында Ә. Ысмайылов ГИТИС-те ұлы Станиславскийдің ассистенті И.И. Судаковтың шеберханасында өнерін шыңдайды. Кәсіби театр режиссері мамандығын игерген Ә. Ысмайылов Қазақстанға келе әріптесі Ж. Шанинмен бірлесіп, Қазақ драма театрын ұйымдастыруға ат салысып, онда 1938-1943 жылдар аралығында қызмет атқарады. 1936 жылы Мәскеуде өткен тұңғыш Қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Әукеңнің қазақ билерін жинақтаған көп жылдық еңбегі 1961 жылы балетмейстер Д. Әбіровпен бірге қазақ билерінің энциклопедиясын шығаруға себеп болады. Ә. Ысмайылов кинематография саласында да өзін жан-жақты актер ретінде көрсете білді, ол «Күту», «Көгілдір маршрут», «Сол күндерде», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» фильмдеріне түсті.
Әубәкір Ысмайыловтың көркемдік мұрасы қазақ бейнелеу өнерінің «алтын қорының» төрінен тиісті орнын алды. Ұлы шебердің көркемсурет және графикалық шығармалары өзінің шеберлігімен, сюжет пен тақырып жан-жақтылығымен, колориттік байлығымен және сомдаған образдарының философиялық тереңдігімен таңғалдырады.
Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына арналған Халықаралық конференция гуманитарлық бағыттағы бір идеяға тоғысқан әр түрлі кәсіби мамандардың басын қосып, Қазақстандық ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігін сезініп оны әлемдік өнер мектептерімен жан жақты байланыстыру болып табылады. Конференциядағы қозғалатын басты проблема Әубәкір Ысмайыловтай біртуар тұлғаның феномені болмақ. Қылқалам шебері ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлердің шынайы таратушысы бола білді. Оның бойында ұлттық құндылықтарды, туған елінің сұлулығын әлемге қайталанбас пезаждары арқылы жеткізсем, фольклорлық дәстүрін және тарихи кейіпкерлер бейнесін айнытпай сомдасам деген өшпес жігер болатын.
Әубәкір Ысмайылов осындай халықшылдығымен көрермендері мен өнер сүйер қауымның жүрегінен орын алған қайталанбас дара дарын, біртуар тұлға болып мәңгі жасай бермек.
Конференция аясында баспасөз мәслихаты өтеді және суретшінің көрмесі ашылады.