Астанада қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада автобус жүргізушілері жетіспейді. Бұл туралы Астана LRT Транспорт мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жалбыр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автобус жүргізушілері еңбек туралы заңға сәйкес жұмыс істемейді. Олар тиісті нормадан артық жұмыс істегендіктен дұрыс демалмайды. Бұның барлығы автобус жүргізушілердің жетіспеушілігінен. Бүгінде қаладағы 8 автопаркте барлығы 1 678 жүргізуші жұмыс істейді, бізге тағы 790 автобус жүргізушісі керек. Егер автопарктерге субсидия берілсе, тапшылық мәселесі аз да болса шешіледі», - деді Ж.Жалбыр қалалық мәслихаттың отырысында.

Оның айтуынша қоғамдық көлік жүргізушілері негізгі міндеттерінен бөлек, автобусты жуу, жанар май құю және жөндеу жұмыстарын да қоса атқарады.

«Олар таңғы 5-те жұмысқа шыққаннан кешкі 10-11-ге дейін тоқтаусыз жүреді. Одан кейін, автобустың жанар майын құйып, оны жуып ертеңге дайындап қояды. Үйіне барамын дегенше түнгі 2-ге таяйды, содан 2-3 сағат ұйқыдан соң қайта тұруға тура келеді. Осыдан да қалада қоғамдық көлікпен апатты жағдайлар жиі орын алады. Біз осы тұрғыда талдау жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша 72% жүргізушінің жүйке жүйесі адамдармен жұмыс істеуге және оларды тасылмауға сәйкес келмейді. Талап бойынша олар жол бойы 360 градуста жан-жағын бақылауда ұстап отыруы қажет», - деді ол.

Астана LRT өкілінің сөзіне сенсек, қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспеушілігінің тағы бір себебі - жалақының аз болуы.

«Қазіргі күні жүргізушілер кондуктор қызметін қоса атқарады. Осы орайда олардың қызметтік функциясын қайта қарап жалақыларын соған сәйкес есептеу керек. Біздегі жүргізушілердің 80% өңірден келгендер, әрине олардың басты проблемасы баспана. Сондықтанда бұл жерде мәселені кешенді түрде шешу керек. Сондай-ақ, біз жүргізушілердің қызметтік имиджін көтеру мақсатында олардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуді ұсынудамыз», - дейді орталық басшысы.

Аталған ұйымның дерегіне сүйенсек, өткен жылы Астанада қоғамдық көлікте орын алған жол апаты оқиғасы 18 % төмендеген. Атап айтқанда, 2018 жылы 1 632 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның 566-на автобус жүргізушілері кінәлі деп танылды.