Астанада көне ұйғыр графикасымен жазылған құжаттардың көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінде «Көшпенділер өркениеті: Ұлы қағандардың хаттары, жарлықтары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымастырылған шараны өткізу үшін тарихы тамырлас елден суретші, құснихат шебері Моңғолия Мәдениет елшісі Эрдэнэхуяг Ариунболд арнайы келіпті.

Көрменің ашылу салтанатына Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Доржийн Баярхүү, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, фиология ғылымдарының кадидаты, этнограф Ақеділ Тойшанұлы, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Көрмеде Шыңғыс хан әулетінен тараған хан, қағандардың дипломатиялық хаттары, жарлықтары, таңбалары, алтын пайза үлгілері, алтын, күміс тиындар, ежелгі ұйғыр, моңғол ұлттық жазу мұралары көрсетілді.


Көне ұйғыр жазуының түрлі стильдік нұсқаларын Жапония, АҚШ, Иран, Ресей елдерінде насихаттаумен танымал болған суретші көрме қонақтарына әр экспонаттың тарихын баяндап, мазмұнды әңгіме өрбітті.

Шараның соңында құснихат шебері Эрдэнэхуяг Ариунболд музейге естелік болсын деген ниетпен «Сәкен Сәйфуллин» деген жазуды көне ұйғыр графикасының мәнерлі стилінде жазып, сыйға тартты.

Түркітанушы Нәпіл Базылханның айтуынша, бұл графиканың ғылыми атауы «көне ұйғыр жазуы» деп аталғанымен, түбі сонау түркі өркениетінен тамыр тартып жатыр.

«Түркі қағандығының мұрағагы саналатын ұйғыр қағандығы осы жазуды мемлекеттік жазу ретінде қолданған. Яғни, бұл қазіргі ұйғырлардың жазуы деген сөз емес. Кейін оны Шыңғысхан өз мемлекетінің ресми жазуы ретінде қолданысқа алған. Арғы тегі соғды тектес – жоғарыдан төмен қарай жазылады.

Шыңғыс ханның империясы орныққаннан кейін өзінің мөрі болған. Сол мөрге ортағасырлық мұңғұл тілінде осы көне ұйғыр жазуымен мәтін қондырған. Содан бастап Шыңғыс хан империясының мемлекеттік жазуына айналады. Кейін Күйік хан Рим папасы ІV Инокентиге парсы тілінде, араб графикасымен хат жазып, жаңағы мөрді басады. Жалпы көне ұйғыр жазуының ең сирек кездесетін үлгілері Ватиканның құпия мұрағатында сақтаулы»,- дейді түркітанушы.

Айтуынша, Шыңғыс хан империясы бүкіл құрлыққа қанат жайған кезде Орталық Азиядағы нумизматикалық кешендерді қайта жаңғыртқан.

«Мысалы, Отырарда, ауған жерінде алтын, күміс ақшалар жасап, Жібек жолындағы сауда қатынасын жандандырған. Сол ақшалардан да осы жазуды көруге болады. Бұл дәстүр біздің Алтын Ордаға дейін жеткен. Тек Өзбек ханның тұсынан бастап, ислам діні кіреді де, араб графикасы көне ұйғыр жазуын ығыстырады. Яғни, бұл жазудың біздің тарихқа, тіпті тұтас Орталық Азияның тарихына тікелей қатысы бар. Тоқтамыс ханның да осы графикамен жазған хаты бар. Әмір Темірдің Тоқтамыспен соғысқаны туралы бір жазбасы осы жазумен сақталған, қазір Эрмитажда тұр», - дейді ғалым.



Көрме 2022 жылдың 11-12 қараша күндері Сәкен Сейфуллин музейінің мәжіліс залында қойылады.