Астанада «Көшпенділер қаласы» ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында, сонымен бірге 6 шілде күні тойланатын Қала күніне орай «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңында «Көшпенділер қаласы» атты тарихи этнографиялық, мәдени, ойын-сауық кешені бой көтерді.

Мұндағы қала орта ғасырлардағы шаһарлардың үлгісінде жасалған. Қала ортасында хан ордасы мен тағы орналастырылған, сәукеле пішінінде жасалған ғимарат, бал үйіретін дәмі бар, өзіміздің  ұлттық тағамның сан-алуан түрін қамтыған ұлттық нақыштағы мейрамхана да осы жерде.

Сондай-ақ, орта ғасырлардағы дәстүр бойынша, шаһар ішінде түрлі қолөнер бұйымдары қойылған үлкен жәрмеңке өтуде.

Тарих тереңіне көз жүгіртетін болсақ, мұндай сауда орындары, яғни жәрмеңкелер Қазақстан аумағында алғаш рет Ғұн дәуірінен бастап ұйымдастырыла бастаған. XIX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстанның көптеген қалалары мен елді мекендерінде Жәрмеңкелер көптеп ашылды. Шортанды, Семей, Көкшетау,  Ақмола болыстарындағы жәрмеңкелер қазақ жеріндегі сауда айнаоымының өсуіне, экономикалық қарым-қатынастардың нығаюына, айырбас көлемінің артуына үлкен септігін тигізген болатын. Ал XIX ғасырдың соңында қазақ жеріндегі жәрмеңкелер саны арта түсті. Тіпті ол жерде мемлекеттік банк бөлімшесі, пошта және телеграф істеп тұрды.

Сондай-ақ, көшпенділер өнерінде алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері ең жоғарғы жетістікке жеткені тарихтан белгілі. Оған археологиялық қазбалардан табылған асыл заттар да куә. Көшпенділер қаласының жәрмеңкесінде алтыннан, күмістен жасалған түрлі әшекей бұйымдар, қолөнер туындылары қойылған.

Айта кету керек, ортағасырлық шаһар қонақтарының жәрмеңкеге деген қызығушылықтары зор. Оны ат саймандарын, киім-кешектің түр-түрін, қолөнер туындыларын көптеп сатып алып жатқан келішулердің қарқынынан оңай байқауға болады.

Сондай-ақ, бұнда көрермен назарына қазақтың терең тарихынан сыр шертетін Берел қорғанынан табылған ат әбзелдері ұсынылған. Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқандығы белгілі. Оның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан территориясы жылқының қолға үйретілген тарихи мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді.  Осы ретте, Берел қорғанынан табылған заттар кезінде сақ тайпасына тиіселі болғандығын айта кеткен жөн.

Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйінсек, ортағасырлық шаһарға келген шетел қонақтарына қазақ халқының сан-алуына салт-дәстүрімен, мәдени және рухани болмысымен, түрлі салаларда қолданылатын сайман, құрылғыларымен танысу үшін қалашық аумағында екі гид жұмыс істейді. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қала қонақтарына қызмет көрсетеді.

 «Көшпенділер қаласында» қойылған декорациялардың көптігі мен көркі кез-келген қонақты замануи қала тірлігінен алып ұшып, ортағасырлық шаһардың сән-салтанатты өміріне күмп еткізетіні сөзсіз. Бүрмелі көйлек, оюлы қамзол киген қазақ арулары, қолынан ұршығы түспеген кимешек киіп сәнденген әжелер тобы, қазақ домбырасының үні мен қобызының сарыны ешбір туристті, одан қалды қазақстандық тұрғынды бей-жай қалдыруы мүмкін емес.

Бұнда ұшы-қиыры жоқ кең даланы игеріп, әртүрлі патшалықтар бірлестіктерін құрып, күшті жауынгер  елге айналған көшпенділер рухы анық сезіледі.

Ескерте кетейік, «Көшпенділер қаласы» 6 шілдеден бастапе, 10 қыркүйекке дейін қала қонақтарынқабылдайтын болады.