Астанада Қостанай облысының мәдени күндері өтеді

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Астанада 14-20 қазан күндері Қостанай облысының мәдени күндері өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Мәдениет басқармасынан хабарлады.

«Қостанай облысының мәдениет күндерін өткізу елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятуға бағытталған. Іс-шара аясында көрмелер, музыкалық-әдеби кештер, спектакльдер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады», - делінген ведомство ақпаратында. 18 қазанда сағат 11:00-де «Арнайы коррекциялық мектеп интернаты» ММ кішкентай астаналықтар үшін «Қажетті болу қажет» деп аталатын қуыршақтар спектаклін қояды.

Бұл күні сағат 15:00-де Ұлттық академиялық кітапханада ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қалибек Деріпсалдиннің 60 жылдығына арналған музыкалық-әдеби кеш өтеді.

19 қазанда сағат 19:00-де театрландырылған қойылым әуесқойларының назарына Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Боздаған бойдақтар» комедиясы ұсынылады. Спектакльдер кезегін 20 қазанда сағат 18:00-де Оқушылар сарайында «Ақ келін» театрландырылған қойылымы жалғастырады.

Қостанай облысының Мәдениет күндері 19-20 қазанда қалалық әкімдіктің орталық алаңында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесімен аяқталады. Сонымен қатар, жәрмеңкеде қолданбалы және бейнелеу өнерінің көрмесі өтеді.