Отырыста Мемлекет басшысының оқ-дәрілерді сақтау және кәдеге жарату нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуде заңнамаларды сақтау туралы екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров пен бас әскери прокурор Ерғали Мырзадиновтің хабарламалары тыңдалды. Мемлекет басшысының қару-жарақтарды сақтау және кәдеге жаратуды қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар қабылдаған шараларға баға берілді.
Екінші мәселені талқылау ауқымында Ерғали Мырзадинов Қауіпсіздік кеңесі инспекциясының мүшелеріне әскери құрылымдарда тұрғын үй заңнамалары талаптарының орындалуы туралы баяндады. Талқылау нәтижелері бойынша орталық әскери органдардың және гарнизондардың орталық аппараттарына тұрғын үй кезегін қалыптастыруда және оны бөлуде заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізу үшін Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының арнайы комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.
Отырыстың қорытындысымен мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді.