Астанада ҚР Президентін ұлықтау рәсімі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі басталды.

Президент кортежі Ақордадағы резиденциядан шығып, ұлықтау рәсімі өтетін Тәуелсіздік сарайына қарай бет алды. Елбасы Тәуелсіздік сарайына кірердің алдында «Қазақ Елі» монументі алаңында төселген кілемнің үстімен салтанатты шараны тамашалалауға келген халықтың алдында жүріп өтеді.

Н.Назарбаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысуда.

Ұлықтау рәсімін «Қазақ елі» монументінің алдына жиналған Астана тұрғындары мен қала қонақтары да тамашалауда.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының 28 сәуірде жариялаған нақты қорытындысы бойынша 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысын алып, жеңіске жетті.

Бүгінгі 29 сәуірдегі инаугурация - Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бесінші ұлықтау рәсімі. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті 1991 жылы алғаш рет ант берген болатын. Ол салтанатты рәсім 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өтті. Сонымен қатар 1999 жылы 10 қаңтарда өткен екінші жалпыхалықтық сайлауда да жеңіске жеткен Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына алақанын қойып ант берді. Ал содан кейін 2005 жылы 4 желтоқсанда өткен үшінші жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесі бойынша тағы да халық сенімін арқалаған Елбасының ұлықтау салтанаты 2006 жылғы 11 қаңтарда Ақордада өткен болатын. Ол инаугурацияға әлемнің 70-тен астам мемлекетінен келген жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Ал осыдан кейін 2011 жылы кезектен тыс сайлауда жеңіске жеткен Н.Назарбаевты ұлықтау рәсімі 8 сәуірде өткен еді.