ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен фестивальдің негізгі мақсаты – кітапханаға жаңа оқырман тарту, кітап оқитын ұлт қалыптастыру және қоғамда оқу мәдениетін дамыту.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітованың айтуынша, фестивальге студенттер, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты.
— «КітапTime» биыл бесінші рет өтіп жатыр. Шараның мақсаты да, маңызы да – кітапханаға оқырман тарту, кітап оқитын ұлт қалыптастыру және осы үрдісті одан әрі өрістету. Фестивальге үлкен дайындық жүргізілді. Бүгін мұнда студенттер, оқушылар мен қала тұрғындары жиналды. Фестиваль аясында кітапханада Серб әдебиеті бұрышын ашамыз. Астанадағы бірнеше ірі мекемемен меморандумға қол қоямыз. Мұның бәрі кітапты насихаттап, кітап оқуға қызығушылықты арттыру үшін жасалып отыр, — деді Күміс Сейітова.
Фестивальдің ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марсель Фортуна Биато, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы және «Bilte» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Едіге Қожахмет сөз сөйледі.
Алмаз Мырзахмет еліміздің өңірлерінде кітап оқу марафоны өтіп жатқанын айтып, оған екі миллионға жуық оқырман қатысады деп күтіліп отырғанын жеткізді.
Фестивальдегі басты жаңалықтардың бірі – Серб әдебиеті бұрышының ашылуы болды. Жаңа бұрыш қазақстандық оқырмандарды серб әдебиеті мен мәдениетімен жақынырақ таныстыруды көздейді.
Серб әдебиеті бұрышының ашылуына Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Йовичич, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова және ақын, драматург Баянғали Әлімжанов қатысты.
Күміс Сейітованың айтуынша, Серб әдебиеті бұрышы екі елдің ұлттық кітапханалары арасындағы ынтымақтастық аясында ашылған.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары аясында Сербия Ұлттық кітапханасымен меморандумға қол қойған едік. Сол меморандумның нәтижесінде бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бір бұрышы серб елінің танымал қаламгерлерінің еңбектерімен толықты. Бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, кітапханаға жаңа оқырман тартуға септігін тигізеді деп үміттенеміз, — деді Күміс Сейітова.
Сонымен қатар фестиваль аясында Ұлттық академиялық кітапхана «Қазақстан» ұлттық телеарнасымен және Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
«Жастар» театрының директоры, ақын Мақпал Мыса кітапхана мен театр арасындағы байланыстың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, театр репертуарындағы бірқатар қойылым әдеби шығармалар негізінде сахналанған. Ол бұған дейін театрдың ХХ маусымы «Шыңғысхан» спектаклімен ашылған кезде Ұлттық академиялық кітапхана Шыңғыс ханға қатысты кітаптар қойылған арнайы көрме ұйымдастырғанын атап өтті.
Фестиваль аясында баспалардың қатысуымен кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп, қолөнер шеберханалары, буккроссинг пен библиоринг ұйымдастырылды. Сондай-ақ жасөспірімдерге арналған оқу залы ашылды.
Шара барысында философия ғылымдарының докторы Әлібек Қажығалиұлының «Зверь в глубине» кітабының тұсауы кесілді. Жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Йана Боризбен шығармашылық кездесу өтті. «Bilte» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Едіге Қожахмет оқырмандармен «Танымдық кітап өміріңді өзгерте ала ма?» тақырыбында ашық сұхбат құрды.
Фестивальдегі «Бір кітаптың әсері» жобасы аясында әнші, педагог Света Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова және жазушы, медиа маманы Мирас Мұқаш оқырмандармен кездесіп, өз өмірлеріне әсер еткен кітаптар туралы әңгімеледі.
Бұдан бөлек, «Өзіңді тап – өзегіңе орал!» тақырыбында ағартушылық таныстырылымдар өтіп, «Ауылға кітап» акциясы ұйымдастырылды.
Күміс Сейітова биыл кітап саласында қолға алынатын тағы бір маңызды бастамаға тоқталды.
— Ең маңыздысы – биыл Президент Жарлығына сәйкес кітап және кітап ісіне қатысты заңнама әзірленеді. Бұл да кітапты насихаттап, оқу мәдениетін дамытуға серпін береді, — деді кітапхана директоры.
Фестивальге мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, студенттер, оқушылар, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
Бұған дейін Қазақстан халықаралық кітап байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болғанын жазған едік.