Мәжіліс барысында еліміздің шар-тарабынан жиналған қандастар Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы Хибратулла Досқалиевпен бірге көші-қон саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ олар, көші-қон полициясы қызметінің басшысына Қазақстанға сапарлары барысында кездесетін кедергілер жөнінде баяндап, олардың шешілу жолдары жөнінде ой бөлісті.
Отырыс барысында көші-қон және қандастарымызды елге қайтару бағытындағы шаралардың жай-күйімен таныстырған Х.Досқалиевтің сөзінше, Қазақстан ТМД көлемінде шетелдегі қандастарын елге қайтару мәселесімен тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, тұрақты түрде айналысып келе жатқан жалғыз мемлекет. «Егемендіктің алғашқы жылдарында 2-3 мың оралман отбасы көшіп келген болса, 2005-2008 жылдары әр жылда елге келем деуші отбасыларға берілетін квоталар саны 15 мыңға, ал соңғы 3 жылда олардың саны 20 мың отбасына жетті. 1991 жылдан бастап елге 300 мыңнан астам оралман отбасы қоныс аударды. Сөйтіп қазақ халқының саны шеттен келгендердің арқасында 1 миллионнан астам қандастарымызбен толықты»,-деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, бала туудың өсуі мен қазақтардың тарихи Отанына келуінің өткен онжылдығында этнодемографиялық үйлеспешіліктер біртіндеп жойылды. Көшіп келу үдерісін қаржылай қолдау шаралары күшейді. Сөйтіп эмиграция квотасын алған оралмандарға тұрғын үй алу үшін жәрдемақы төленуде. Сондай-ақ көлікке кеткен шығыстар мен жүк тасымалының құны да өтелуде. «Бұл мақсатта мемлекет бюджетінен жыл сайын 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуде. Барлық облыстарда елімізге көшіп келушілерді уақытша орналастыру орындары ашылған. Осы уақытта оралмандарды бейімдеу мен интеграциялау жөніндегі 4 орталық жұмыс істейді. Олар қандастарымызға құқықтық және өзге де көптеген мәселелер бойынша ақыл-кеңестер береді»,-деді Х.Досқалиев