Астанада «Мемлекеттік тілге - мемлекеттік қолдау» атты республикалық көрме басталды

АНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Мемлекеттік тілге - мемлекеттік қолдау» атты республикалық көрме басталды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырып отырған шара Қазақстан халқы тілдерінің 11-ші республикалық фестивалі аясында өткізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік тілді дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп жатыр. Осыған орай, 2010 жылға дейін арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның баптары бойынша қазіргі уақытта жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар оқу құралдарын, электронды оқу құралдарын, сөздіктер,  түрлі тілдескіштер және де тілді дамытуға қатысты қосымша әдебиеттер шығару бағыттары бойынша жүргізілуде», дейді Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденов.

Оның айтуына қарағанда, осы көрмеге комитетпен бірлесіп жұмыс істеген 17 ұжым қатысып отыр.  Олардың ішінде министрлік тарапынан бөлінген қаржыға шығарған өнімдерін ұсынып отырған электрондық бағдарламалар жасайтын ұжымдар, баспалар бар.

Шараға Сенат төрағасының орынбасары М.Көпей, ҚР Мәдениет және ақпарат вице- министрі Ғ.Телебай, сенаторлар Қ.Сұлтанов Қ.Айтаханов, Мәжіліс депутаты А.Смайыл, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы О.Асанғазы қатысты.   

Көрменің мақсаты - аталған шараны өткізу арқылы қоғамымыздағы тіл мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлерге Тіл комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген мемлекеттік тілді компьютерлік бағдарламалар арқылы оқыту жүйесін кеңінен таныстыру және тілге байланысты шығарылған әдістемелік оқу құралдарын көрсету және насихаттау.