Оның айтуынша, жаңа тәсіл мемлекеттік қызметтерді азамат үшін барынша қарапайым әрі түсінікті етуге бағытталған.
— Бұған дейін мүгедектікті рәсімдеу кезінде азамат қай мекемеге жүгіну керегін, қандай құжаттар қажет екенін өзі анықтап, бірнеше кезеңнен өтуге тиіс болатын. Кей жағдайда бір құжатты бірнеше рет ұсынуға тура келетін. Енді бұл тәсіл өзгеріп, мемлекеттік қызметтер азаматтың нақты өмірлік жағдайына қарай ұйымдастырылады. Бірыңғай маршрут мүгедектікті белгілеу қажеттілігі туындаған кезден бастап тиісті әлеуметтік қолдау шараларын алғанға дейінгі процесті қамтиды, — деді спикер.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 25 тамыздағы мәлімет бойынша, Астанада 43 403 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 5 346-сы — бірінші топтағы, 11 733-і — екінші топтағы, 13 339-ы — үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Сондай-ақ елордада 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 12 985 бала бар.
— Биылғы бірінші жартыжылдықта медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 10 466 қызмет көрсетті. Оның 5 048-і күндізгі форматта, 5 418-і сырттай-проактивті форматта көрсетілген. Салыстырсақ, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 9 617 қызмет көрсетілген. Оның 5 261-і күндізгі, 4 356-сы сырттай-проактивті форматта болған. Осылайша, сырттай-проактивті қызметтердің үлесі бір жылда 45,3%-дан 51,8%-ға дейін артты, — деді департамент басшсының орынбасары.
Ләззат Сартымбетованың сөзінше, биыл алғаш рет медициналық-әлеуметтік сараптамадан 2 543 адам өткен. Оның 2 464-і мүгедектігі бар адам деп танылған. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде алғаш рет куәландырылғандар саны 2 373 адам болса, оның 2 305-іне мүгедектік белгіленген.
Айта кетейік, бұған дейін мүгедектікті рәсімдеу кезінде қандай құжаттар қажет және қандай талаптар қойылатыны хабарланды.