Медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева да бұл пікірді қолдап, әлемдік ауқымдағы көптеген ғылыми зерттеулер екпелердің аутизмге себеп болмайтынын дәлелдегенін айтты.
Мамандардың айтуынша, вакциналар тек жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған және олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі ұзақ жылдар бойы халықаралық деңгейде зерттелген. Сондықтан ата-аналарға тек ғылыми негізделген ақпаратқа сүйену ұсынылады.
Баешева Динагүл Аяпбекқызы — «Астана медицина университеті» КеАҚ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист-дәрігер тұрғындар арасында жиі кездесетін вакцинация туралы миф ақпаратты түсіндіріп берді.
— Көптеген ата-аналар аутизмді вакцинациямен байланыстырады, себебі аурудың белгілері «екпеден кейін» пайда болады деп ойлайды, — дейді маман.
Алайда ғылымның нақты дәлелі басқа: вакциналар аутизмді тудырмайды. Бұл миллиондаған бала қатысқан ірі зерттеулермен расталған.
— Неліктен мұндай түсінбеушілік туындайды? Аутизмнің алғашқы белгілері көбіне 1,5–2 жаста, яғни ревакцинация кезеңінде байқалады. Бірақ бұл — тек уақыт жағынан тұспа-тұс келген жай ғана сәйкестік. Маңыздысы уақыттың сәйкес келуі себеп-салдар байланысын білдірмейтінін білген жөн. Аутизм бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады және ми дамуының ерекшеліктерімен, генетикамен байланысты, — деп түсіндірді дәрігер.
Маманның айтуынша, вакциналар бұл үдерістерге әсер етпейді — олар тек қауіпті инфекциялардан қорғайды. Дәрігерлер күн сайын қызылша, көкжөтел және алдын алуға болатын басқа да аурулардың ауыр салдарын көреді. Өкінішке қарай, кейде тым кеш болады. Вакцинация — қауіп емес, қорғаныс.
Ал елде қай инфекциялар бойынша жағдай жақсарды, мына сілтемеден оқыңыз.