Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, мәдениеттанушылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттер қатысты. Олар Наурыз мейрамын өткізудің мағыналық, мазмұндық жағын кемелдендіру тұрғысында ой-пікірлерін ортаға салды.
Шарада сөз алған мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғали: «Наурыз мерекесіне мемлекеттік статус бергенімізге біраз уақыт болды. Бірақ, Наурыз мейрамының бір бөлігі болып табылатын «Амал» мерекесі еліміздің батысы - Маңғыстауда ғана тойланып, қауышу мейрамын еліміз енді-енді қабылдап келе жатқаны, Наурыз мерекесіне деген халықтың көп қызығушылық білдірмеуі - мерекенің әлі де мемлекеттік деңгейге көтерілмегенін білдіреді. Советтік кезде жанұялық деңгейде болса, қазір өңірлік деңгейде. Ендігі мақсат - бұл мерекені, шын мәнінде, жалпыұлттық, жалпықазақстандық деңгейге көтеру. Бұны әлеуметтік мәселе ретінде күн тәртібіне қоюымыз керек» - деп атап өтті.
Ал тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев болса: «Наурызды» көбіне парсы сөзі деп айтамыз. Себебі парсы деректерінде наурыз туралы мәліметтер көп. Бірақ, біз Наурыз парсылардан келген мереке деген түсініктен құтылуымыз керек. Бұл - ирандықтардың арасында сақталған түркілердің ортақ тарихы, ортақ мерекесі. Наурыз мейрамы иран, сәлім, түркі сияқты этникалық топтардың ара-жігі ажырамаған тұста пайда болған мейрам» - деп мерекенің тарихына тоқталды.
Іс-шара мақсаты- халқымыздың салт-дәстүріне өскелең ұрпақтың назарын аударту. Наурыз мерекесінің бастауында бейбітшіліктің, келісімнің, игі мақсаттардың бастауы мен жаңарудың жатқанын дәріптеу.