Астанада нөмірін матамен жауып қойған көлік жүргізушісі қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бейнекамераға түспеу үшін жүк көлігінің мемлекеттік нөмірін матамен жауып қойған 24 жастағы жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.

Фото: Polisia.kz

Қалада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның алғашқы күнінде полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ге жуық дерегін анықтады.

Олардың ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзудың 200-ден астам, техникалық талаптарға сай келмейтін көлікті басқарудың 100-ден астам және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 90-ға жуық дерегі бар.

Сондай-ақ көлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 15 дерегі және қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 11 фактісі тіркелді.

Жүк көлігінің жүргізушісі қалаға кіреберісте ұсталды. Ол бейнекамераға түспеу мақсатында Howo көлігінің мемлекеттік нөмірін матамен жауып қойған.

Сот шешімімен жүргізуші бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, қамауға алынды.

Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында бір күнде 306 жүргізуші жол ережесін бұзғанын хабарлағанбыз.