Астанада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 19-20 қыркүйек күндері өңірлердің қатысуымен өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің сериясы басталып, алғашқы болып Қызылорда және Атырау облыстары өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Жәрмеңкеде елорда тұрғындары мен қонақтары ет, балық, сүт өнімдерін, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да азық-түлік тауарларын отандық өндірушілер мен фермерлерден тікелей сатып ала алады.

– Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді. Мекенжайы: Қарқаралы тасжолы, 1. Жәрмеңке өтетін жерге №18, 37 және 303 автобустармен баруға болады, – делінген әкімдік хабарламасында.

Өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Астанада 25 қазанға дейін әр демалыс сайын ұйымдастырылады.

26-27 қыркүйекте Абай, Алматы және Маңғыстау облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады.

3-4 қазанда Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары, 10-11 қазанда Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтеді.

17-18 қазанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының өнімдері саудаға шығарылса, 24-25 қазанда жәрмеңке Қарағанды және Қостанай облыстарының қатысуымен қорытындыланады.

Айта кетейік, Астанада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өнімдер тиімді бағамен сатылатыны хабарланды.