Астанада өтелмей жатқан еңбекақы көлемі 620 млн. теңге болып отыр

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада өтелмей жатқан еңбекақы көлемі 620 млн. теңге шамасында.

Бүгін елордада өткен «Жұмыс беруші және жұмысшы - әлеметтік және еңбек қатынастарының қатысушылары» атты семинарда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Еркін Рахымбергенов осындай мәліметтер келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның атап көрсеткеніндей, соңғы он ай ішінде Астанада еңбекақының кешіктірілуіне қатысты 2 756 арыз келіп түскен. Осы жағдайға байланысты 770 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан 35 млн. теңгеге тарта айыппұл өндіріп алынды.

 «Біздің департаменттің арыз-шағымдардың негізінде жасаған жедел статистикасы бойынша, қаладағы кәсіпорындар мен кіші кәсіпкерлік субъектілерін қоса алғанда өтелмей жатқан жалақы көлемі 620 млн. теңгені құрауда. Астана бойынша жұмысшылар алдында ең үлкен қарызы бар кәсіпорын «Қуат градстрой Астана» компаниясы. Қазірдің өзінде бұл компания жұмысшыларға 120 млн. теңге көлеміндегі еңбекақыны өтеуі тиіс. Жыл басында «Қуат градстрой Астананың» 280 млн. теңге қарызы болды», дейді Е. Рахымбергенов.

 Астана қаласының кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевтің айтуынша, кәсіподақ ұйымдары бар компанияларда еңбек құқықтары мен жалақыны кешіктіру оқиғалары аз кездеседі. «Қазіргі уақытта 300-ге тарта үкіметтік емес ұйымдар бар. Олардың тек 27-сі еңбеккерлердің, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Үкімет тарапынан үлкен іс-қимылдар мен қаражат жұмсалуда. Біз барлық кәсіпорындарға өз ішінде кәсіподақ ұйымын құруға үндейміз. Себебі ең бастысы, жұмысшылардың құқықтары қорғалады, әлеуметтік қобалжулар орын алмайды», деп атап көрсетті ол.

 Ресми деректерге сүйенсек, Астана қаласындағы қараша айындағы жағдай бойынша өтелмеген еңбекақы құны 460 млн. теңгені құрап отыр. Ал бір ай бұрын 760 млн. теңге болған. Өтелмеген еңбекақы көрсеткіштері бір айда күрт төмендеген.

 Семинарда сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, әлеуметті көмек, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарын реттеу мәселелері сөз болды. Оның жұмысына жергілікті атқарушы орган өкілдері, жұмыс берушілер одақтарының басшылары, заңгерлер, кадрлық қызмет мамандары қатысты.