Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті Ұйымды ХХІ ғасырдың бет-бейнесіне бейімдеуге мүмкіндік береді - АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Иэн Келли

ЕЛЬ. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең маңызды жетістіктерінің бірі - ТМД, Азия, мұсылман және түркітілдес мемлекеттердің арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайлануы. Біздің еліміз ағымдағы жылы желтоқсанның 1-2-сінде Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуге қол жеткізді.

Бұл шара жоғары деңгейдегі кездесулердің 11 жылдық үзілісінен кейін Ұйымның жұмысына тың серпін береді деп күтілуде. АҚШ-тың ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Иэн Келли ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның төрағалығына, біздің мемлекет көтеріп жатқан бастамаларға, оның аймақтық проблемалар мен қақтығыстарды шешудегі күш-жігеріне беріліп жатқан баға туралы, сондай-ақ алдағы Астана Саммитіне қатысты АҚШ-тың ұстанымы жөнінде әңгімелеп берді.

- Елші мырза, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болғанына он айдың жүзі болып қалды. Қазақстан төрағалығының алдын-ала қорытындысын, сондай-ақ осы аймақтық құрылымның аясында ұсынып отырған бастамаларын қалай бағалар едіңіз?

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалаймын. Мен Венадағы сіздердің өкілдеріңізбен, Ұйымның тұрақты кеңесінің төрғасы Қайрат Әбдрахмановпен етене жұмыс істеймін және Ұйымды нығайту үшін Қазақстанның көп жігер жұмсағанын айта аламын. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Астанада Саммит ұйымдастыруға және оның күн тәртібін толықтыруға Қазақстан көп ресурстар жұмсады. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның назарын Орта Азияға аударғысы келіп отыр және мен мұны дұрыс деп санаймын. Бұл өңір біздің назарымызда болуы тиіс. Әрине, 1990 жылдары ЕҚЫҰ Балқанда көп жұмыстар тындырды. Енді ЕҚЫҰ қазіргі уақытта Ауғанстан жақтан туындап отырған проблемалармен айналысу үшін Орта Азияға көбірек көңіл бөлуі керек. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның жұмысына қосып отырған маңызды үлесі - осында деп ойлаймын.

- Қырғызстандағы саяси жағдайды реттеудегі Қазақстанның күш-жігерін қалай бағалайсыз?

- О баста, мен ағымдағы жылдың сәуір айында болған оқиғаны айтып отырмын, Қазақстан Құрманбек Бакиевті елден кетуге көндіріп, Қырғызстандағы жағдайға жедел және тиімді үн қата білді. Бішкекте жиі болып, Қырғызстан Президенті Роза Отынбаевамен ашық диалог жүргізіп отырған ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі Жәнібек Кәрібжановтың жұмысын жоғары бағалаймын. Бұл ретте Қырғызстанға ЕҚЫҰ-ның полицейлік консультативтік тобын жіберу жөніндегі бастаманың да оң болғанын айрықша атап өткім келеді.

- Бүгінде көптеген халықаралық сарапшылар ЕҚЫҰ-ның қағидалары мен жұмысы ескіргенін және заман талабына сай келмейтінін айтуда. Сіз бұл жайында не айтасыз?

- Иә, Ұйымның жұмысы біршама семіп отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер құрылымның аясындағы мәселелерді шешуге көбірек назар аударулары тиіс. Өздеріңіз білесіздер, ЕҚЫҰ саммиті соңғы 11 жыл бойы өтпеді. Осыған байланысты біз жаңа басқосумен Ұйымның жұмысына серпін бермекпіз. Желтоқсан айында біз жоғарыда айтып өткен проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін Ұйымның жаңа жұмыс жоспарын жария етеміз. Гуманитарлық өлшем саласындағы міндеттемелерімізді заман талабына бейімдеуіміз керек. Оған қоса, Қырғызстанға қатысты атқарылғандай, бірлескен іс-қимылдардың қандай да бір бағдарламасын бекіту керек. Біз Түрікменстандағы және Тәжікстандағы әріптестерімізге шекараларын нығайтуға көмектесуіміз керек. Атқарылатын жұмыстар әлі шеш етктен.

- Өзіңіз айтып өткендей, ЕҚЫҰ саммитінің өткізілмегеніне 11 жыл болды. Қазақстан биыл желтоқсанда Астанада саммитті ұйымдастыруға қол жеткізді. Сіздің пікіріңізше, саммит қандай нәтижелер береді?

- Ең бастысы - ЕҚЫҰ-ны ХХІ ғасырдың бет-бейнесіне бейімдейді. Саммит барысында іс-шаралар жоспары жария етілетінін жаңа айтып өттім. Сол жоспар Ұйымның қызметіне жаңаша серпін беретін болады. 11 жылдық үзілістен кейін күтіп отырған басты нәтижесі - осы. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ЕҚЫҰ аясында жаңа бастамалар ұсынуымыз керек.

- Саммитегі АҚШ-тың ұстанымы қандай болады, Вашингтон қандай ұсыныстар айтпақ? АҚШ қол қойылуы жоспарланып отырған құжаттарды қолдай ма?

- Әрине, ЕҚЫҰ-ның негізі - консенсус қағидаты. Сондықтан да біздер ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің барлығы қолдайтын бағдарламаларды жасауымыз керек. Алайда, біз осы құрылымның кеңістігінде қандай маңызды құндылықтардың барын және қандай мәселелердің түйінін тарқатуымыз қажеттігін шешуіміз керек. Біз әскери ашықтықты қамтамасыз етіп, Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді қолдауымыз қажет. Сонымен қатар қарулануға бақылау қою қажет. Бұдан бөлек Приднестровьедегі, Кавказдағы, Таулы Қарабақтағы қайшылықтарды шешуге тиіспіз. Біз бұл үдерістерді тездетуіміз керек, бұл өте-мөте маңызды. Біз ЕҚЫҰ-ны Грузияға, тек қана Тбилисиге ғана емес, сонымен бірге шиеленісті аймақтарға оралтуымыз керек. Бұл - Саммиттегі біздің басымдықтарымыз.

- Ресей Президенті Дмитрий Медведев еуропалық қауіпсіздік туралы жаңа келісімшартты бекітуге қатысты бастама көтерді. Сіз бұл жайында не ойлайсыз?

- Біз Президент Дмитрий Медведевке құрметпен қараймыз, себебі ол еуропалық қауіпсіздік саласында шешуді қажет ететін маңызды мәселелерді көтерді. Біз ЕҚЫҰ осы мәселелерді талқылаудағы және шешудегі маңызды алаңдардың бірі болып табылады деп есептейміз. Бізде сондай-ақ, Еуропадағы дағдылы қарулы күштер туралы келісімшарт, Ресей-НАТО диалогы тәрізді басқа да құралдар бар. Алайда мынаны айтып өткен жөн: еуроатлантикалық және еуроазиялық кеңістіктегі барлық елдердің басын қосатын бірден-бір ұйым бұл - ЕҚЫҰ. Сондықтан да біз бұл Ұйымды аталмыш мәселелерді талқылауға арналған ең басты форум деп есептейміз. Біздердің барлығымызға ортақ қауіп-қатерлер бар, оларды шешудің амалдарын қарастыруымыз қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет.