Астанада пәтер кезегінде тұрған 4 мың адам неліктен кезектен шығып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың тамызы мен қараша аралығында коммуналдық тұрғын үй қорындағы баспанаға кезекке инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде одан 4111 адам шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл - тұрғын үйге мұқтаж деп танылуға негізі жоқ азаматтар. Сол себепті олардың аталмыш кезекте тұруға құқы болмайды.  

«Кезектен шығару тұрғын үй комиссиясында өткізіледі. Біз кезектен шығару мәселесіне өте жауапты әрі мұқият қараймыз. Одан біреуді қасақана алып, керісінше сол тізімге біреуді қоспаймыз. Ол тек соттың шешімімен немесе прокуратура органдарының ұсынысы бойынша жасалады», - деді әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімдігіндегі тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова.

Оның мәліметінше, тұрғын үй қорының қызметкерлері түрлі алаяқтықтың алдын алу үшін күн сайын мониторинг жүргізіеді, кезінде кезек бойынша берілген пәтерлері бар әр үйді аралайды.  

«Бізде үйлерінде кезектегілердің өздері емес, пәтер жалдаушылар тұрып жатқан жағдайлар болды.  Ондай кезде біз оларға келісімнің шартын бұзып жатқандығы туралы ескерту жолдап, оны түзетуге уақыт береміз. Егер бұзушылық ескерілмеген жағдайда, біз оны шығару туралы сотқа береміз. Ол пәтер кезекте тұрған келесі адамға беріледі», - деді ол.

Оның мәліметінше, тамыздан бері осындай 76 пәтерге ескерту хаты жіберілді. Соттың шешімімен шығару туралы үш факті бар.