Астанада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Мәжіліс барысында әйелдердің тұрғын үй құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманы қолдану тәжірибесі мен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясының Ақмола облысында іске асырылу барысы туралы мәселелер қаралды. Сонымен қатар онда Атырау облысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес бағытында жүргізіліп жатқан мәселелер талқыланды. Отырыста

бірінші мәселе бойынша елдегі үлескерлердің едәуір бөлігін әйелдер құрайтындығы айтылды. Сонымен қатар елдегі үлестік құрылысты қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатта оң үрдіс байқалады. Мысалы 2011 жылдың 1-ші қыркүйегінде мемлекеттің үлестік құрылысты қолдауға бағытталған қаржысының арқасында 58 мың үлескері бар 409 нысан аяқталды. Алайда отырысқа қатысушылар елде тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманың нормаларын түсіндіру шараларында кемшін түсіп жатқан мәселелер бар екендігін атап өтті.

Отырыста күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ақмола облысында Гендерлік теңдік стратегиясы ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығы айтылды. Алайда аймақта осы стратегияның іске асырылуын бағалау индикаторлары бойынша әйелдердің саяси деңгейдегі өкілдігі жеткіліксіз. 1 мың 766 мемлекеттік қызметші әйелдің 5 пайыздан астамы ғана саяси лауазымдарда. Ал соңғы сайлауда бірде-бір әйел Сенат депутаттығына таласпады.