— Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес, Хусейн бен Талал көшесін Әл-Фараби даңғылынан Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін жалғастыру көзделген. Көше Есіл өзенімен тоғысатын тұста автокөлік көпірі салынады, — делінген басқарма хабарламасында.
Жаңа жол сол және оң жағалауды байланыстыратын тағы бір көлік бағытына айналады. Осылайша, қаладағы көлік көп жүретін негізгі көшелерге түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр.
Атап айтқанда:
— Сығанақ көшесі мен Ұлы Дала даңғылындағы көлік қозғалысы азаяды. «Нұрлы жол» вокзалы немесе Алматы ауданына қарай жүретін жүргізушілер Хусейн бен Талал көшесі арқылы жүре алады;
— сол жағалаудағы негізгі жолдардың бірі — Мәңгілік Ел даңғылындағы көлік қозғалысы да азаяды. Өйткені көліктердің бір бөлігі жаңа бағытқа ауысады;
— Сығанақ көшесіндегі Есіл өзені арқылы өтетін «Арыс» көпірі мен Тәуелсіздік даңғылындағы көпірге түсетін жүктеме азаяды. Бұл әсіресе қарбалас уақытта көпірлерге кіріп-шығатын жолдардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба бойынша Хусейн бен Талал көшесі жалпы қалалық маңызы бар магистраль болады. Жол сегіз жолақты етіп салынады.
— Қазір инвестор Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің жобасын әзірлеп жатыр. Құрылыстың нақты құны жоба дайын болып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады, — деп хабарлады басқарма.
Инвестор дайын жобаны қала балансына өткізгеннен кейін Көлік басқармасы көпірді мемлекеттік қаражат есебінен салу мәселесін қарайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мемлекеттік сатып алу арқылы анықталады.
Әзірге көпір құрылысының қашан аяқталып, пайдалануға берілетіні белгісіз. Мерзімі жобаның қаржыландырылуына байланысты болады.
Бұған дейін Астананың 2026 жылға нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 490 674 млн теңгені екені хабарланды.