Бұл шараға түркітілдес мемлекеттердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ көрнекті жазушылар, түркітілдес елдердің ғалымдары қатысты.
Конференцияны Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев құттықтау сөзбен ашты. Халық жазушысы бұл шараның екі елдің арасындағы рухани-адамгершіл негіздерді нығайта түсетінін атап өтіп, Мақтымқұлы шығармаларын кеңінен таратып, жастардың бойына сіңіру қажеттігін баса айтты.
Отырыс барысында Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мақтымқұлы Ақмырадов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, ҚР Президенті баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Омаров, түркітанушы Шәкір Ыбыраев, түрікменстандық ғалым Аннагурбан Аширов баяндама жасады.
Конференция барысында оған қатысушылар қарар қабылдады, Мақтымқұлының әндері орындалды.
Бұл шара Түркі академиясында жалғасуда. Академия президенті Дархан Қыдырәлі және Түрікменстаннан келген қонақтар екі елдің қатынастарына қатысты әртүрлі мәселелерді талқылайды.
Мақтымқұлы (лақап аты - Фраги) - 18 ғ-да өмір сүрген түрікмен халқының классик ақыны. Есімі Шығыстың ұлы ақындары Фирдоуси , Сағди, Низами, Науаилармен қатар тұратын түрікмен әдебиетінің классигі. Түркменнің әйгілі ақыны Кеминенің:"Мақтымқұлы ақындық аймақтың астығын түгел орып кетті, біз содан қалған бірді-екілі масақты терушілер ғанамыз",- деген сөздерінен-ақ ақынға деген сүйіспеншілігін, оның талантына деген ерекше ілтипат-ықыласты анық көруге болады.
Ауыл мектебінде, кейін Хиуадағы Шерғазы медресесінде оқыған.Мақтымқұлы 1733 жылы Геркез ауылында дүниеге келген. Әкесі Довлетмамед Азади тек қана түрікмен еліне емес, бүкіл шығысқа танымал ақын боған. Мақтымқұлы әкесінен көп үйренеді, хат танып, ерте есейеді. Мақтымқұлы өмірдің ауыртпашылықтарын көп көреді. Өз өлеңдерінің қолжазбасын шапқыншылық кезінде жоғалтады.
Ақын өлеңдерінің тақырыбы әр алуан. Онда батырлықты мадақтаған жырлар да, шығыс үлгісіндегі дидактикалық сарындар да, ескі аңыздар сюжетіне жазылған шығармалар мен табиғатты, адал махаббатты ардақтайтын лирика да мол кездеседі. Ақын түрікмен руларының өзара жауласушылығын аяусыз шенеп, оларды үнемі бірлікке шақырып отырған. Ол елін сүйген, елі сүйген патриот. "Ердің ерлігі еріменен" деген идея оның өлеңдерінде жиі ұшырасады. Ел бастар батыр ұлдарды, олардың елімен ынтымағын ақын сүйсіне жырлаған. Оның шығармаларында елдің тәуелсіздігін сақтау үшін тек бірліктің жеткіліксіздігі, ерлік пен батырлық дәстүрді берік сақтау қажеттігі қозғалады. Осыдан барып оның шығармаларының басты кейіпкері-ел үшін еңіреген ердің жаңа образымен толысады. Мұндай жігіттің бейнесінен ақын бірсөзділікті, табандылықты, елін қорғау үшін әрқашан даяр батырлықты көрсетеді
Ол халқына 500-ден астам шығарма қалдырған. Оның шығармалары татар, башқұрт, қазақ және басқа да көптеген әлем тілдеріне аударылған.
Мақтымқұлы шығармалары қазақ тілінде («Таңдамалы өлеңдер», 1947 ; «Таңдамалы өлеңдер», 1959 ; «Өлеңдер», 1968 ) бірнеше рет жеке жинақ болып жарық көрді. Мақтымқұлы мен Абай поэзияларында біріне-бірі етене жақын сарындар мен әуендер жиі кездесіп отырады. Екеуі де ел бірлігін, адамдар арасындағы татулықты, ынтымақты айрықша қастерлеген. Мақтымқұлы шығармаларын қазақ тіліне белгілі қазақ ақындары Ғ.Орманов, Ғ.Қайырбеков, Д.Қанатбаев аударды.
Әлемнің көптеген қалаларына оның ескерткіштері қойылған, көшелерге есімі берілген. Қазақстан астанасында да ақын құрметіне аталған көше бер.
18 мамыр - Түрікменстан үшін ерекше мереке. Бұл күні «Мақтымқұлы Фраги поэзиясы, бірлік пен ұлттық түлеу күні» бүкілхалықтық мейрам ретінде аталып өтеді.