деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркі қағанатының бас қолбасшысы болған Тұй-ұқұқ атты батыр тұлғаның ерлік істері туралы баяндайтын екі тас ұстыны Күлтегін ескерткішінің жанында орналасса, Біріккен түркі қағанатын құрған Ел-етміш Білге Тұр-айын есіміне арналған Теркін ұстынының бірінші ескерткіші Еуразия ұлттық университетінің «Жазу тарихы» мұражайында қойылды. Ескерткіштердің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, ҚР Сенат және Парламент Мәжілісінің депутаттары және елімізге белгілі түрколог-ғалымдар қатысты.
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ғалым-түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының айтуынша, ашылған ескерткіштердің көшірмелері алғаш рет Қазақстанның өзінде жасалып шығарылды. «Мәселен, Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Жапонияда силиконнан жасалса, Тұй-ұқұқ пен Теркіннің үш ескерткіші жасанды тастан Алматы қаласында жасалған. Сондықтан бұл ескерткіштердің сапасы мен беріктігі екі есе артық», - дейді Қ.Сартқожаұлы. Ғалым атап көрсеткендей, ескерткіштерді жасанды тастан қашап шығарған алматылық шебер - Қырым Алтынбекұлы.
Тарихқа үңіліп қарасақ, Тұй-ұқұқ (646 - 738 ж.ж.) - Елтеріс Құтлұғ қағанмен бірге 679 жылы Тан патшалығына қарсы көтеріліп, II Түркі қағанатын орнатқан тұлға. Ол үш бірдей қағанның - Елтеріс Құтлұғ, Қапаған және Білге қағанның кеңесшісі әрі қағанат әскерінің бас қолбасшысы болған. Зиялы қайраткер «ел абызы» атанған. Тұй-ұқұқ - шығыста Тан патшалығының солтүстігіндегі Шандунға, ал батыста Темір қақпаға (Дербент) дейінгі аралықта 10 мың шықырымдық жорық жасап, 22 мәрте алапат соғысқа қатысып, атақ-даңққа бөленген қаһарман сардар. Аталған ескерткіш қазіргі Моңғол жеріндегі Тул дариясының бойында 739 жылы орнатылған.
Ал Теркін ескерткіші Біріккен түркі (ұйғыр) қағанатын орнатқан елбасшы Ел-етміш Білге Тұр-айын қағанның I ескерткіші болып табылады. Ұстын мәтінде қағанның арғы бабалары Жоллуғ, Жамы және Бұмын қағандар дәуірінен бастап кейінгі Көк түрік қағанатының 80 жылдық билігі мақтанышпен айтылады. Сондай-ақ мұнда қағанаттың территориясы, егін алқаптары, қыстақтары, ордасы, түрік ұлысы бөлігінің құрылымы, әскери қуаты және елдікке ұйытқы болған қайраткерлер туралы мол мағлұмат бар. Теркін ескерткіші қазіргі Орталық Моңғолиядағы Теркін көлінің батыс жағалауындағы Жетіағаш алқабында 752 жылы орнатылған.