Атап айтқанда, биылғы форум ЭКСПО-2017 аясында ұйымдастырылып, көрме аумағындағы жаңа Конгресс-орталықта өтіп жатыр. Іс-шара жыл сайын әлемнің 60-тан астам мемлекетінен халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдерін, cаясаткерлерін, сарапшыларды бір алаңға жинап келеді.
Шараның күн тәртібінде "Жаңа әлемдік тәртіп: қабырға тұрғызамыз ба, әлде көпір саламыз ба?", «Болашақтың энергиясы»: жасыл экономиканың қуаты", "Азия «экономикалық кереметінің» құпиясы", "Сирия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?", "Сандық революция", тақырыптары талқыланады.
Форумға Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Пачаури, Еуропалық комиссияның экс-президенті Жозе Мануэль Баррозу, геофизик Тэйлер Смит, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Билл Ричардсон, «Russia Today» телеарнасының жүргізушісі Софико Шеварднадзе, RTVI International бас продюсері Алексей Пивоваров, футуролог, «The Futures Agency» басшысы (Швейцария) Герд Леонард, CNN телекомпаниясының вице-президенті (Ұлыбритания) Грег Бейчман, Қоғамдық кабель телевизиясының президенті (Канада) Кэтрин Кано, Қазақстан тарапынан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және басқа да белгілі саясаткерлер мен сарапшылар қатысатыны күтілуде.
Айта кетейік, ЕАМФ 2002 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен бейсаяси әрі коммерциялық емес ұйым ретінде құрылды. Форум Батыс пен Шығысты толғандыратын көкейкесті мәселелерді ашық талқылауға бағытталған.