Астанада XIV Еуразиялық медиа форумы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 аумағындағы Конгресс-орталықта XIV Еуразиялық медиа форумның ашылу салтанаты өтті. Конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, «Астана - ЭКСПО - 2017» ҰК Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сөз сөйледі.

Форумға қатысушыларға Елбасының құттықтауын Гүлшара Әбдіхалықова жеткізді. Президент өзінің құттықтау хатында медиа форум тек журналистік ортада емес, жаһандық проблематиканы шешу жолында да табысты жұмыс атқарып келе жатқанын айтқан. «Әлем драмалық өзгерістерді басынан өткеріп жатқан қазіргі заманғы жағдайда осындай диалог алаңдарының қажеттілігі артып келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары осы процестің көшбасшысы болуы тиіс және өзінің күш-жігерін жаңа кедергілерді қоюға емес, керісінше, халықтар мен елдерді біріктіруге шоғырландыруы керек. Әлем жаңа ақпараттық ортаны қалыптастыру дәуіріне аяқ басты. Біз серіктестік пен білім алмасуды ынталандыру үшін қолымыздан келгенше әрекет етуіміз қажет» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Елбасының құттықтауын оқығаннан кейін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова жаһандық деңгейде қайта құрылып жатқан бүгінгі әлемдегі БАҚ-тың маңызына тоқталды. Ол «Біздің күш-жігеріміз саяси өмір мен қоғамдық қатынастарды жаңғыртуға арналған. Қоғамның алдында ашық әрі өзара сыйластыққа негізделген диалогты жандандыра түсу, ғаламдық сенімді қалпына келтіру міндеті тұр» деді. Оның пікірінше, БАҚ осы үрдістің алдыңғы шебінен көрініп, ел арасындағы арандатушылықтан, іріткі салудан аулақ болғаны жөн.

Ахметжан Есімов халықаралық медиа ортада еліміздің мәртебесін асқақтату мәселесіндегі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңыздылығына тоқталды.
«Биыл біз конференцияны өткізу уақытын арнайы өзгерттік. Ондағы мақсатымыз сіздерге болашақтың энергиясы саласындағы әлемдегі қызықты жетістіктермен танысуға мүмкіндік беру болатын.

Біздің еліміз үшін мұндай үлкен шараны өткізу мақтаныш қана емес, ол ұлттық экономиканың барлық саласының дамуының катализаторы болады деп сенеміз» деген ЕАМФ төрайымы Дариға Назарбаева шектеулі көзқарас, теріс түсінік, пессимизм арқылы жаңа үйлесімді әлем құрылмайтынын, өткен тарихтағы өкпе-реніш пен қасіреттердің алға қадам басуға кедергі келтіре алмайтын мықты адамдардың жаңа ұрпағын тәрбиелеуіміз керектігін айтты. Жаңа дәуірдің өткеннен ең жақсыны, ең мықтыны ғана алып, жетістікке жете алатын мықты тұлғаларға зәру болып отырғандығына тоқталды.

«БАҚ ақпараттық соғыстың алдыңғы шебінде. Журналистік әдеп жайы өткір мәселеге айналды. Бүгінде жұртшылықты оқиғадан хабардар етіп, ағартушылықпен айналысатын мамандықты таңдағандар үшін Гиппократтың антына ұқсас міндеттеме қабылдайтын кез келгендей. Олар дәрігерлік емдеу ісіндегі аса маңызды «кесіріңді тигізбе» дейтін қағиданы басшылыққа алуы тиіс» деді.

Деңгей көтеретін дәрістер «Мәміле іздеу сценарийі» аталатын биылғы форум әлемнің 60-тан астам мемлекетінен халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдерін, саясаткерлер мен сарапшыларын бір алаңға жинады. Әлемді толғандырған ең көкейкесті мәселелерді талқылау көзделген форумда геосаяси қайта құру, сандық революция дәуіріндегі қауіпсіздік стратегиясы, блокчейн, қазіргі заманның дижитал стратегиялары, ғаламдық көшбасшы болу жолында бизнестің стратегиялық міндеттері, «Болашақ энергиясы» тұрғысынан алғанда мемлекеттің тұрақты дамуының негіздері, «Азия жолбарыстары» феномені сынды бірқатар өзекті мәселелер нысанаға алынған. Конференция бағдарламасы басталмай тұрып әлемдік сарапшылардың шеберлік дәрістері өтті.

«Файнэншл Таймстың» арнайы өкілі Дэвид Эплфилдтің «Шығармашыл ойлау мазмұн мен сауданы қалай көтере алады? Тың ойлау мен оның БАҚ ықпалы» атты сабағында спикер еліміздің ақпараттық кеңістікте дамуы барысына баға берді. Жалпы нарық ішіндегі бәсекелестік сенсация іздеп, соңынан қуалауға ғана бармай, оқырманға күн сайын қажетті жаңа, шексіз, тың тақырыптар аясында іздену керектігіне тоқталды.

Ал «Trafalgar Strayegies» негізін қалаушы Ұлыбританияның Премьер-министрі Канцеляриясы баспасөз бөлімінің бұрынғы басшысы Джайлс Кенинг медиадағы сәтті компания­лардың механизмдерін тілге тиек етсе, «Bloomberg» агенттігінің халықаралық директоры Тодд Бэйр «Медиа қалай табыс табады?» тақырыбын көтеріп, кеңестерімен бөлісті.

Жалпы әлемнің әр қиырында геосаяси ахуал шиеленіскен тұста бұқаралық ақпарат құралдарының жедел, нақты әрі шынайы жаңалық таратуы маңызды болып отыр. Осы мәселеде шынайы­лық танытуды діттеп, басқа да маңызды тақырыптарды талқылауға арналған форумның күн тәртібінде «Жаңа әлемдік тәртіп: қабырға тұрғызамыз ба, әлде көпір саламыз ба?», «Азия «экономикалық кереметінің» құпиясы», «Сирия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?», «Сандық революция» деп аталатын тақырыптар көтерілді. Батыс пен Шығысты толғандыратын түйткілдердің түйінін тарқатуға арналған келелі кеңеске қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, білім, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады.