Астанада жаңа амбулаторлық-емханалық кешен ашылды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласындағы Жамбыл мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа №10 амбулаторлық-емханалық кешенін ашты.

Оның айтуынша, емхана «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Ол бір ауысымда 500-ге жуық адамды қабылдай алады. Ал жалпы алғанда 65 мың адамға қызмет көрсетеді.

«Өздеріңіз білесіздер, Астананың осы емхана орналасқан шағын ауданының халқы жылдан жылға қарқынды өсіп келеді. Сондықтан №4 және №5 қалалық емханалар артық жүктемемен жұмыс жасап келген еді. Енді тек аталған екі емхана ғана емес, сонымен қатар, сол жағалаудағы амбулаторлық емханаларда да жүктеме азаяды, ол медициналық қызметтің сапалы болуына әсер етеді», - деп атап өтті әкім.

Айта кету керек, №10 емхана жалпы көлемі 20 661,8 шаршы метрді құрайтын және алдыңғы қатарлы емдік-диагностикалық құрылғылармен жабдықталған үш блокты 5 қабатты ғимаратта орналасқан.