Астанада жазушы Төлен Әбдікұлының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті
Мерейтой иесінің кешін қызықтауға, ұлықтауға, құттықтауға жазушының замандас ақын-жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Жолдасбеков депутат Қуаныш Сұлтанов және қазақтың зиялы қауымы мен жақсы-жайсаңдары түгел жиналды. Қазақтың «Қосбасар» күйімен ашылған кеш бір сарындылықтан ада, сценарийден таза, бір проза, бір поэзияға кезек беріп, табиғи күйде өрбіді. Өмір жолын көркем шығармадан бастап, 90-жылдардан кейін мемлекеттік істерге ден қойған Төлен Әбдікұлының мерейлі мерейтойына еліміздің түкпір-түкпірінен құттықтаулар ағылып келді. Мұның өзі қаламгердің ғана қуанышы емес, бүкіл елдің тойы екенін аңғартқандай. Шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып, Елбасының арнайы сыйлығы - алтын қолсағат табыс етті.
«Құрметті Төлен Әбдікұлы! 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз өмір шындығын дара қолтаңбаңыз бойынша шебер бейнелеп, оқырманның шынайы құрметіне бөленген, есіміңіз көпшілікке кеңінен танымал қаламгерсіз. Адамзатқа ортақ құндылықтарды көтеріп, философиялық терең тұжырымдарға және тосын шешімдерге құрылған ойлы шығармаларыңыз әдебиет сүйер қауымды ешқашан енжар қалдырған емес», - делінген ҚР Президентінің құттықтау хатында.
Елбасы Н.Назарбаев сөз арасында жазушы Т.Әбдікұлын әрбір жылдарда халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН-клуб сыйлықтарының иегері екендігін еске салып, «халқымыз сондай-ақ, Өзіңізді шығармашылық ұжымдарға басшылық жасап, түрлі мемлекеттік жауапты қызметтерді зор абыроймен атқарған ұлтжанды, зиялы азамат ретінде де біледі әрі қадірлейді. Солардың қатарында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып, жемісті қызмет істеген кезіңізді де жақсы білеміз», - дей келе: «оқырмандарды алдағы уақытта да заманымыздың көкейкесті мәселелерін көтеретін, терең мазмұнды туындыларыңызбен қуанта бересіз деп сенемін. Мықты денсаулық, әулетіңізге амандық пен игіліктер, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!», - деп атап өтті.
Төлен Әбдікұлы 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген (1965). 1965-1970 жж. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі. 1970-1977 жж. «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, 1977-1979 жж. «Қазақфильм» киностудиясында Бас редактор, 1979-1990 жж. Қазақстан КП Орталық комитетінде жауапты қызметте болған. Біраз жыл «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып істеді. 1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметте болды.
Шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002) романдарын жариялады. Әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980, 1981) деген атпен шықты. Грек аңыздары - «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған.
Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының лауреаты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.