АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда билігі қаладағы ең ескі шағын ауданның тұрғындарымен кездесті. Осы аумақ «ақылды аудан» жобасын іске асыру үшін іріктелген екен. Таяу арада бұл шағын аудан адам танымастай өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың сөзіне қарағанда, Астана аумағында Лондон, Берлин, Барселона секілді әлемдегі алдыңғы қатарды шаһарлардың тәжірибелері пайдаланылмақ.
«Біз де бұл тәжірибені пайдалануға ниеттіміз. Ұзақ пікір алмасулар нәтижесінде, «Жастар» шағын ауданына таңдау түсті. Біз осы ауданда түрлі технологияларды тестілеуден өткізбекпіз. Мысалы, көптеген үйлердің кіреберістеріне ақылды домофон орнатылады. Сонымен қатар түрлі бейне камералар, жарықтандыру құрылғылары, күн панельдері, мәліметтерді қашықтықтан беретін есептеуіш құралдар (су мен энергияны өлшейтін) тестілеумен қамтылады. Ол үшін мәліметтерді өткізетін арнайы желі салынады. Атап айтқанда, бізде апробациядан өткізу үшін осындай 31 шешім бар. Олар инвестициялар есебінен іске асырылады, яғни тұрғындардан ақша жиналмайды», - деді Олжас Сартаев.
Өз кезегінде Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Асхат Сәдуов аталған шағын ауданның негізгі проблемаларын атап өтті. Кеңестік кезеңде салынған бұл ауданда көлік тұрақтары ретсіз салынып, жаяу жүргіншілер үшін инфрақұрылым ескерілмеген. Сонымен қатар кәріз жүйесі мен жылу тартылған жүйеде кемшіліктер баршылық.
Осы орайда компьютерлік бағдарламалар арқылы аудан аумағында адамдар көп жүретін жолдарға талдау жасалып, жаяу жүргіншілер үшін жағдай жасау мүмкіндіктері пысықталды.
Ұсыныстар аясында «Жауын-шашын бақшасы» жобасы ескеріліп отыр. Бұндай құрылыстар жаңбырға арналған кәріз жүйесі болмаған жағдайда салынады.
«Бұл жаңбыр суын пайдалану үшін тиімді шешім болмақ. Шағын аудан аумағына жүргізілген талдау барысында судың көп мөлшері асфальт үстінде жиналатынын түсіндік. Судың барлығын ландшафтық аумақтарға бұру керек және адамдар демалатын орындарды көгалдандыруға жұмсаған тиімді», - деді Асхат Сәдуов.
Оның атап өтуінше, ғимараттар арасындағы кеңістіктерді балалар ойнайтын, спорттық әрі жасыл алаңдармен толықтыру қажет.
«Біз қалалық шеберхананы ашуды ұсынып отырмыз. Ол жерде адамдар өз қолдарымен қажетті заттарды жасап, бұл процеске жұмыла алады. Бұл өз кезегінде адамдардың осы жерге қатыстылығын сезінуі үшін керек және тұрғындар құрылған инфрақұрылымды күтіп ұстауға өз еріктерімен тартылар еді. Адамдар осы шеберханада өзінің ауданына пайдалы заттарды жасай алады», - деп толықтырды Урбанистика орталыының өкілі.
Бұдан бөлек, «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Данияр Байғараев тұрғындар үшін қолайсыз болатындай өзгерістер жасалмайтынын атап өтті.
«Бір компания ақылды домофондарды өзінің есебінен орнатады. Әрбір тұрғын өзінің телефоны арқылы үйге кім келгенін көре алады. Сонымен қатар қолындағы телефонымен есікті де ашады. Егер өрт болса, домофон дабыл белгісін соғады. Бұл жүйе тұрғын үйге толықтай қосылғандықтан, ПИК-тер жұмысына дауыс беруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, аудан басшылығы келіп, ПИК өкілдерінің жұмысын қарайтын болады», - деді Данияр Байғараев.
Ал келесі компания қоқыс контейнерлерін жердің астына орналастырады, осы орайда қоқыстан шығатын жағымсыз иістер жойылып, контейнер тұрған орындар басқа мақсатта пайдаланылады.
Сонымен қатар, тағы бір компания қоқысты құрылымына қарай жекелей жинаумен айналысады. Яғни қағаз, пластик және басқа да заттар бөлек жәшіктерге жиналады.
Мұнымен қоса ол тұрын үйлерге электр энергиясын, жылу мен суды есептейтін үшінші буындағы құрылғылар қойылатынын жеткізді. Бұл құрылғылар екінші буынды есептеуіштерден өзгеше болады.
«Екінші буынды есептеуіштерде дәлсіздік 20-25 пайызды құрауы мүмкін. Ал үшінші буындағы есептеуіштерде бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін ғана. Сондықтан әрқайсыларыңыз осы есептеуіш құралдарын орнатуға қолдау жасауларыңыз керек. Осындай құрылғылар орнатылғаннан кейін, тексерушілек пәтерлеріңізге келмейтін болады. Себебі есептеуіштер автоматты түрде барлық мәліметтерді арнайы қызметтерге жібереді», - деді Д. Байғараев.
Белгілі болғандай, шағын аудан аумағында қатты шыққан дыбысты бақылайтын технология орнатылмақ.
«Осы ауданда бір мейрамхана бар. Тұрғындар аталған жердегі адамның айғай-шуына көп шағымданады. Бұл ретте дәмханалар маңында орнатылатын арнайы құрылғылар бар. Егер де сол жерден айқай-шу қатты шықса, полиция дәмханаға өздері келеді. Сәйкесінше, полиция шақырту үшін телефон шалудың қажеттігі болмайды», - деді ол.Басты фото: Яндекс.Карта
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.