Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысы қосымша қаржылай шығындарды талап етеді - И. Тасмағамбетов

СТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысы қосымша қаржылай шығындарды талап етеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанадағы құрылыс нысандарында өткізген көшпелі кеңес барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта нысанның жобалау-сметалық құжатнамасы жіті сараптаудан өтуде.

«Бұл сараптама құрылыс жобалаушылардың сұрап отырған қаржы сомасының қаншалықты шындыққа жанасатындығын растауы тиіс. Дегенмен құрылысқа қажетті сома өсе түсетіндігі анық болып отыр. Жоба құнының өсуі объективті, бұл біреудің қосымша жұмыстарды қосып қойғандығына байланысты емес», деп атап көрсетті қала басшысы К. Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде.

И. Тасмағамбетовтың айтуынша, құрылысқа қажетті сома 9 млрд. теңге шамасында деп жоспарлануда. Оның ішінде 3 млрд. теңгесі коньки стадионын құрал-жабдықтармен жабдықтауға, 6 млрд. теңгесі жалпы құрылыс жұмыстарына қажет.

«Құрылыс салушылар 14 млрд. теңге сұратқан болатын. Бірақ құрылыстың аяқталуына 9 млрд. теңге жетеді деп отырмыз. Бәрін сараптама шешетін болады», дейді И. Тасмағамбетов.

Коньки тебу стадионы 2011 жылы өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарының инфрақұрылымына енеді. Нысан биыл қыркүйек айының 10-шы жұлдызында аяқталмақ. Стадионның тезірек іске қосылуы Азиаданың басталуына спорттық инфрақұрылымдардың дайындығын тексеруге, сынақ жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.