Астанаға мефедрон мен экстази жеткізіп келген есірткі арнасы жойылды - ҰҚК

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі арнасын жою үшін арнайы операция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

26 шілдеде ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі психотропты заттарды сатуға қатысы бар күдікті А. есімді елорда тұрғынын ұстады.

Процессуалдық шара барысында заңсыз айналымнан 1,5 кг «мефедрон», 1,4 кг «альфа-PVP» және 659 таблетка МДМА («экстази» деп айтылады) тәркіленді.

Тергеу оның есірткіні астанамыздың орталығында жалдамалы пәтерде орап, интернет арқылы тұрақты түрде сатып келгенін анықтады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бұл бап бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттарды заңсыз таратуға қарсы жұмысты жалғастырады.