Әсіресе, Абайдың «Қыс» өлеңі халық жадында ерекше сақталған, «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деп басталатын қыс табиғатын суреттеген өлеңін оқығандар көп болды.
Сонымен бірге, сауалнамада «Күз», «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба», «Ескендір» шығармалары да оқылды.
Астанаға қыдырып келген шетелдік туристерден де Абай туралы сұрап көрдік. Оның ақын, қазақтың көрнекті тұлғасы екенін білетіндер де, білмейтіндер де табылды.
Абай өлеңдерімен қатар, әндерін де шырқаған тұрғындар болды. Олар «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерін орындап берді.
Абай жас кезінен-ақ оқудан қол үзген емес. Бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули секілді ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов шығармаларымен танысады. Сонымен бірге Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңейтіп, білімін шыңдай түседі. Жасы отыздан асқанда Абай орыс тіліндегі кітаптарды оқуға мықтап кіріседі.
Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында. Абай қазақтың өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп атауға болады.